Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Темір ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.
Сапар Еңбекші ауылында су және газ құбырларын салу жұмыстарының барысын тексерумен басталды.
Сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың желтоқсанында басталған. Биылғы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс нысан құрылысы мердігер компанияның кесірінен жоспардан айтарлықтай қалыс қалған.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев мердігерге қатысты материалдар «мемлекеттік сатып алудың жауапкершілігі жоқ қатысушысы» деп тану үшін сотқа берілетінін жеткізді.
2022 жылы басталған газ құбырының құрылысы да кешеуілдеп жатыр. Нысанды уақытылы пайдалануға беру мақсатында қосалқы мердігерлік ұйымды тарту мәселесі қарастырылады.
Ауданда проблемалық құрылыс нысандары аз емес. Олардың бірі Шұбарқұдық кентінде орналасқан — жабық бассейні бар спорт кешені. Жобаны іске асыру 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Белгілі болғандай, сметада барлық қажетті конструкциялар көрсетілмеген. Тиісінше, жобаны қайта түзету қажет. Асхат Шахаров Темір ауданы облыстағы жабық бассейні жоқ жалғыз аудан екенін атап өтті. Жобаға түзетулер енгізуге қолдау көрсетіліп, уәкілетті мемлекеттік органдарға барынша қысқа мерзімде қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Сондай-ақ, өңір басшысы ауылдың ескі мектеп ғимаратын бұзу және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа білім беру нысанын салу жұмыстарымен танысты.
Облыс әкімі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде ауыл азаматтарын жеке сұрақтарымен қабылдады. Ауыл тұрғындары Асхат Шахаровқа 10 жыл бұрын салынған үйлердің сапасына, саябақты кеңейтуге, мал шаруашылығын субсидиялауға және тағы да басқа сұрақтарымен жүгінді. Барлық проблемалық мәселелер бақылауға алынды. Шұбаршы ауылында да азаматтардың талап-тілектері тыңдалды.
«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шұбарқұдық кентінде жақында 50 басқа арналған мал бордақылау алаңы ашылыпты, 50 басқа арналған мал сою пункті табысты жұмыс істеуде. Ауыл тұрғыны Сұлтанбек Жонысов өзінің бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін 30 млн теңге сомасында жеңілдетілген несие алды. Кәсіпорын базасында «Ауыл аманаты» өнімдерінің көрмесі өтіп, облыс әкімі ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.
Жақсымай ауылдық округінің Шұбарқұдық ауылында өңір басшысы салынып жатқан мәдениет үйіне барды. Қазіргі уақытта ғимараттың құрылысы аяқталып, сыртқы су, электр және кәріз желілерін салу жалғасуда.
Сонымен қатар, облыс әкімі Қопа ауылында болып, Мектеп көшесінде ұзындығы 1,1 шақырым жолды жөндеу жұмыстарын тексерді.
Асхат Шахаров жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аудан әкімі және уәкілетті мемлекеттік органдарға Темір ауданын одан әрі дамыту жөніндегі бірқатар тапсырмалар берді. Аймақ басшысы барлық басталған құрылыс жобалары қатаң бақылауда болуы және міндетті түрде аяқталуы тиіс екенін алға тартты.
Д. Айдар
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті