«Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбеде бесінші рет ұйымдастырылған республикалық «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдебиет форумына қатысты. Сондай-ақ, маңызды басқосуға ҚР Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, жазушы Н.Қуантаев, Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, ақын Қ.Бегманов және де зиялы қауым өкілдері шақырылды.

«Киелі Ақтөбе өңірі — ұлт руханиятына зор үлес қосқан қарымды қаламгер, ақын-жазушыларға, жыршы-күйшіге бай өлке. Биыл тарихи тұлғалардың мерейтойлары өңірімізде аталып өтіледі. Мұның барлығы ұлт мәдениетінің өсіп-өркендеуіне, қазақ әдебиетінің қарыштап дамуына бағытталған жұмыстардың бір бөлшегі ғана.  Қаламы қарымды қаламгер, шынайы әдеби шығарма — әрдайым өз оқырманын табады. Біз әрдайым әдебиет саласының өркендеуіне, ел қаламгерлерінің еңбегін насихаттау бойынша жұмыстарды жүргізе береміз», — деді Асхат Шахаров.

Форум аясында байқау жеңімпаздарына облыс басшысы марапаттарын табыс етті. Қазылар алқасының шешімімен, жеңімпаздар 11 номинация бойынша анықталды.

Әр номинация Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылардың есімімен аталады. Т.Айбергенов, Т.Жармағамбетов, Т.Ахтанов, Қ.Шаңғытбаев және т.б тұлғалар атындағы номинация иелеріне 1 000 000 теңге ақшалай сыйлық берілді.

Жалпы биыл республикалық байқауға 179 қатысушыдан өтінім келіп түскен.

Әдеби байқау алғаш 2019 жылы әдеби форум ретінде бастау алып, кейін әдеби байқау ретінде бекітілді. Байқау мақсаты – қазақ әдебиетінде көрнекті із қалдырған айтулы тұлғаларымыздың атын ұлықтау, әр түрлі жанрлар мен бағыттарда жазылған шығармалар қатарын толықтыру, ел мәдениетіне үлес қосып жүрген танымал тұлғаларымыздың шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау.

Д. Айдар