Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе Қорғаныс күштері әскери институтынан биыл 90-нан астам офицер түлеп ұшты. Олар ұшу және инженерлік мамандықтар бойынша білім алған. «Лейтенант» шенін алғандардың қатарында Тәжікстан Республикасының азаматтары да бар.
Оқу орнын сәтті аяқтаған жас офицерлерді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақытбек Сыдықов, ҚР Әуе қорғаныс күштерінің Бас қолбасшысы Дәурен Қосанов және ата-аналар құттықтап, түлектер елдің дамуына аянбай үлес қосады деген сенім білдірді.
«Мемлекет басшысы да өз сөзінде: «Елін қорғау – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыру – негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі» деген болатын. Сіздер, Қазақстанның қорғаныс күштері қатарында қызмет ету үшін сапалы даярлықтан өтіп, офицерлік корпус қатарына қабылдану үшін қажетті білім алдыңыздар. Ендігі кезекте офицер атағына лайықты болып, алдарыңызға қойған үлкен мақсат-міндеттерді орындайтындарыңызға біз кәміл сенеміз», — деді Асхат Шахаров.
«Бүгін – балаларымыздың үлкен өмірге қадам басқан күні. Мыңдаған маманды даярлаған әскери институтты олар абыроймен тәмамдап отыр. «Лейтенант» шенін алған балаларымызға зор денсаулық, ақ жол, сәттілік тілеймін», — деп жас офицердің ата-анасы Қайрат Қалиев тілегін білдірді.
Салтанатты шарада түлектер білім ошағының Жауынгерлік туымен қоштасты. Содан соң, жас мамандар бірінші офицерлік вальсін биледі.
Әскери институтты осы уақытқа дейін 4000-нан астам түлек бітірген. Еліміздегі авиациялық басшылық құрамның 80%-дан астамы – оқу орнының түлектері.
Д. Айдар
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті