Облыс әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе» индустриялық аймағын одан әрі дамыту мәселелері бойынша көшпелі жиын өткізді.
Жиынға мемлекеттік органдардың және индустриялық аймақтың бірыңғай операторы «Ақтөбе» ӘКК басшылары қатысты.
«Президент инвестиция тарту бойынша бірқатар міндеттер қойды. Қазіргі уақытта экономикалық өсуді шектейтін негізгі мәселе — инвестицияның аздығы. Осыған байланысты біз инвестициялық белсенділікті ынталандыру бойынша бірқатар шараларды қолға алып жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – отандық және шетелдік инвесторларды тартатын қолайлы инвестициялық ахуал жасау. «Ақтөбе» индустриалды аймағының өңірдің экономикалық дамуы мен инвестиция тартудағы маңызы зор, — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
«Ақтөбе» ӘКК басқарма төрағасы Бауыржан Қайратов биыл атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Индустриалды аймақ аумағында жалпы мөлшері 29,5 млрд теңгеге 13 кәсіпорын іске қосылып, 755 жұмыс орны ашылған. Мұнда аумағы 135 гектар немесе индустриялық аймақтың жалпы алаңының 88 пайызын құрайтын жер учаскелері игерілген. Өңір басшысы бүгінгі таңда индустриалды аймақта бар болғаны 18 гектар жер бос екенін, сондай-ақ Ақтөбе облысының аумағында жаңа индустриалды не арнайы экономикалық аймақты кеңейту немесе құру қажеттігі туралы атап өтті.
Бауыржан Қайратовтың айтуынша, инвестициялық келісімшарттарға қол қойылып, металлургия және мұнай-химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, ірі қара мал терісін өңдеу сияқты экономиканың басым салаларында жалпы инвестиция көлемі 234,1 млрд теңгені құрайтын 15 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде 1143 жұмыс орны құрылмақ.
Биыл жыл басынан бері тамақ қалдықтарын қайта өңдеу, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын, теміржол дөңгелектерін, мұнай кәсіпшілік химия өнімдерін, газ жабдықтарын, өнеркәсіптік май және жем-шөп өнімдерін өндіру, картон-қағаз зауытының құрылысын жүргізу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімдерге қол қойылды. Қазіргі таңда целлюлозадан санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз өнімдерін өндіру жобасын жүзеге асыру үшін келісімдерге қол қойылуда.
Жиын барысында индустриялық аймақтың шешілмеген түйткілді мәселелері қаралды. Олардың қатарында электр қуатын арттыру және жоғары қысымды газ құбырының бір бөлігін реконструкциялау, индустриялық аймақ резиденттерін қамтамасыз ету үшін технологиялық су қоймаларын салу және т.б. мәселелер бар.
Облыс әкімі жауапты органдарға индустриялық аймақтың өзекті мәселелерін шешуді тапсырды. Бұдан өзге, индустриялық аймақтың инфрақұрылымын жақсарту, көлік жүйесін дамыту, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу және индустриялық аймақты дамытуға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мәселелер талқыланды.
Д. Айдар
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті