Ойыл ауданындағы өрт сөндіру бөлімі мен ветеринария стансасына жаңа ғимарат қажет

Қос мекеменің қазіргі қолданыстағы ғимараттарының тозығы жеткен, заман талабына сай келмейді. Өңір басшысы Асхат Шахаров проблемалық нысандардың жай-күйін көрді.

Аудандық №14 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты 93 жыл бұрын бой көтерген. Нысан әбден ескірген, қабырғалары жарылып тұр. Бүгінде мұнда 22 адам жұмыс істейді.

Аудандағы ветеринариялық стансаның да ғимараты тозған. Нысанның салынғанына келер жылы бір ғасыр толады. Апаттық жағдайдағы мекемеде 15 адам халыққа қызмет көрсетеді.

Облыс әкімі маңызды екі салаға жаңа ғимарат салу кезек күттірмейтін мәселе екенін тілге тиек етті. Аудан басшылығына ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы аудан орталығында демеушілік қаражаты есебінен салынған балалар музыка мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. 2020 жылы ашылған өнер ордасында бүгінде 545 бала бар, олар домбыра, фортепиано, вокал, хор, дәстүрлі өнер және т.б. үйірмелерге барады.

Д.Айдар