Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, халықты жұмыспен қамту шаралары туралы мәселелер Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
2023-2024 жылдардағы жылыту кезеңінде өрттің алдын алу бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, тамыз айында ТЖ департаментінің қызметкерлері тұрғын үй секторын аралауға кіріскен. ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісовтың мәлімдеуінше, 8000-нан астам рейд жүргізіліп, 37 мың үгіт-насихат материалы таратылды. Халықпен тұрғылықты жері бойынша өрт қауіпсіздігі шаралары және жалпы пайдаланылатын орындарда өртке қарсы талаптардың сақталуы бойынша нұсқау жүргізіледі. Меншік иелерінің рұқсатымен тұрғын үйлер тексеріліп, тұрғын үйді өрт қауіпсіздігіне сәйкестендіруге қатысты ұсыныстар беріледі.
Облыс әкімі барлық жауапты мемлекеттік органдарға алдағы жылыту маусымы мен өрт жағдайына дайындықты қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан Ақтөбе облысында қазіргі уақытта 40 колледж жұмыс істейтіндігін, онда 27,4 мыңнан астам студент оқитындығын баяндады. Айта кетейік, олардың 18 мыңнан астамы мемлекеттік тапсырыспен білім алуда. «Сапалы білім «Білімді ұлт» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 100% тегін кәсіптік-техникалық білім беруді қамтамасыз ету жоспарлануда.
Кадрларды даярлау 85 мамандық және 125 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Биыл «Ландшафты дизайн», «Мехатроника», «Робототехника» және т.б. жаңа мамандықтар ашылды.
Түлектерді жұмысқа орналастыру сапасын арттыру үшін 28 колледжде дуальді оқыту жүйесі енгізілді. Осы мақсатта 2023 жылы 525 кәсіпорынмен келісімшарттар жасалды.
Жайық Сұлтан колледж жұмысының тиімділігінің маңызды көрсеткіші түлектерді жұмысқа орналастыру екенін атап өтті. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың деректеріне сәйкес, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 2022 жылы 72% құраған.
Колледж студенттерінің құзыреттілік деңгейін және олардың еңбек нарығында сұранысын арттыру үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық базамен жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. «Жас маман» жобасы аясында соңғы екі жылда 10 білім беру мекемесі заманауи жабдықтармен жабдықталып, жаңа зертханалар сатып алынды. Жалпы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Облыс әкімі колледждерді, әсіресе облыс аудандарында орналасқан оқу орындарын жарақтандыру жұмыстары жалғасуы тиіс екенін алға тартты. Асхат Шахаров сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, білім беру ұйымдары маңындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиев жұмыспен қамту шаралары туралы баяндама жасады.
Биылғы жылы облыстың 53 мың тұрғынын жұмыспен қамту жоспарлануда. 5 қазандағы жағдай бойынша 42,1 мыңнан астам адам қамтылды, жоспар 80%-ға орындалды. Алайда аудандар бөлінісінде нысаналы индикаторлардың орындалу қарқыны әртүрлі. Байғанин, Шалқар, Мәртөк және басқа да аудандарда жұмыспен қамту шараларын іске асыру қажет.
Өңір басшысы уәкілетті мемлекеттік органға жұмыспен қамту мәселелерін қатаң бақылауға алуды және барлық нысаналы индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Н.ДАБЫЛ.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті