Асхат Шахаров қобдалық жас спортшыларға сәттілік тіледі

Қобда аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде өңір басшысы А.Шахаров спортпен шұғылданатын жасөспірімдермен кездесті.

Бірнеше ай бойы спорттық нысанның жөнделуіне байланысты жас спортшылардың басқа жерде жаттығуына тура келді. Қазіргі уақытта кең кешенге балалар қайта оралды.

Бұл спортшылар қатарларынан оза шауып, ауданның, қала берді облыстың намыс тұғырынан көрініп жүр. Футзал, волейбол, баскетбол, күрес түрлері мен шығыс жекпе-жегі, жүзу спортымен айналысады.

Кездесу барысында жетістіктерін жіпке тізген олар облыс әкімінен жаттығу құрылғыларымен қамтамасыз ету, ауылдарында спорт кешенін салып беруді сұрады.

Асхат Шахаров салалық жауапты мемлекеттік орган басшыларына көтерген мәселелерді зерделеуді тапсырып, спортшыларға барлық жағдай жасалатынын сөз етті. Жылы лебізін білдіріп, сәттілік тілеген облыс әкімі естелік суретке де түсті.

Сондай-ақ, өңір басшысы қобдалық тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Бірнеше азаматтың мәселесі қаралған қабылдауға облыстық мәслихат төрағасы Г.Сүйінтаева, «Amanat» партиясының хатшысы Е.Данағұлов, мемлекеттің орган өкілдері мен аудан басшылығы қатысты.

Тұрғындар Қобда ауылында канализациялық тазалу құрылғысын қондыру туралы, тұрғын-үй құрылысы туралы, Жиренқопа ауылына газ тарту туралы және т.б мәселелерге алаңдаулы. Барлық сұрақтар заң аясында шешілуі тиіс.

Д. Айдар