Облыс әкімі Ырғыз ауданындағы жол құрылысының проблемалық нысандарын тексерді

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғыз ауданына жұмыс сапары барысында жол құрылысының проблемалық объектілерін тексерді.

Құмтоғай ауылына кірер жолдың жөндеу жұмыстары биылғы жылы басталды. Ұзындығы  26 шақырымды құрайтын жол екі учаскеге бөлінген. 0-ден 13 шақырымға дейінгі аралық уақытылы төселіп, пайдалануға берілді. Ал, 13-тен 26 шақырымға дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Асфальт төсеу жұмыстарының сегіз шақырымы жасалған.

Құрылыс-монтаж жұмыстарының баяу жүруіне  және ауа-райының қолайсыздығына  байланысты биыл жобаның аяқталмау қаупі бар. «NTiger» ЖШС мердігерлік ұйымының өкілдері  түрлі себептер айтып, ақталғанымен, шарттық  міндеттемелерді мерзімінде орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатындығы ескертілді.

Құрылыс ауылында  «Абай-Б» ЖШС мердігерлік ұйымы да ұзындығы 6,9 шақырымды құрайтын кірер жолды жөндеуді уақытында бітірмей отыр. Асфальт жабыны 3,5 шақырым жолға ғана төселіп, әрі қарай құрылыс жұмыстары тоқтап қалған.

«Ырғыз-Құтикөл» автожолының 0-30 шақырым учаскесінде  жөндеу жұмыстары да аяқталмаған. Аталған  объектідегі  мердігер ұйым жоғарыда аталған  «Абай-Б» ЖШС.

Қазіргі  уақытта  сот органдарына құрылыс жұмыстарының жоспарға сай жүргізілмеуіне  байланысты осы мердігерлік ұйымды жосықсыз  қызмет көрсетуші деп тану туралы талап-арыз жолданды.

Облыс әкімі уәкілетті органдарға автомобиль жолдарын салу және жөндеу бойынша жұмыстардың тоқтап қалуы мәселесін барынша жедел  шешу жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Д. Айдар