Әлеуметтік нысандардың құрылысына бақылау күшейтілді

Әйтеке би ауданынан соң, облыс әкімі Асхат Шахаров Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.

Құрылыс ауылында 2021 жылы «Ерқанат» ЖШС мердігерлік ұйымы ангар үлгісіндегі спорттық-сауықтыру кешенін салуға кіріскен болатын. Жобаға сәйкес, ғимарат бір жыл бұрын пайдалануға берілуі керек еді. Алайда, бүгінде мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталмаған, ғимарат – проблемалы нысандар қатарында.

Анықталған жайттарға сәйкес, жобалық-сметалық құжаттамада кейбір құрылымдық элементтер мен сыртқы инженерлік желілер қарастырылмаған. Сонымен қатар, жоба әзірленгеннен бері құрылыс материалдары айтарлықтай қымбаттады. Аталған мәселелерді шешу мақсатында жоба түзетуге жіберілді. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы осы айдың соңында шығады деп күтілуде.

Өңір басшысы жұмыс жоспарынан тыс Құрылыс және Қалыбай ауылдарындағы мектепке барып шықты. Оқу ордаларын аралап, ауыл балаларының қандай жағдайда білім алып жатқанымен таныспақ болды. Мәселен, 1972 жылы салынған Қалыбайдағы мектепте шахмат, би үйірмелері бар. 9 жылдық білім ордасы ескірген. Аталған екі ауылда келер жылы жаңа мектептер салынады.

Аудан орталығы Ырғыз ауылында да проблемалық құрылыс нысандары кездеседі. Олардың қатарында баспана кезегінде тұрғандар үшін бой көтерген көппәтерлі тұрғын үйлер бар. Ауылда сыртқы инженерлік желілерді салу бойынша жұмыстардың аяқталмауына байланысты екі үй пайдалануға берілмеген. Құрылысты мерзімінен кешіктірген «РБ Строй» ЖШС мердігерлік ұйымына қатысты материалдар былтырғы жылдың қараша айында сотқа жіберілді.

2019 жылы пайдалануға берілген 300 орындық мектеп-гимназия ғимаратында да кемшіліктер анықталды. 2021 жылы сот «Фагот и К» ЖШС-нің жұмыстарды толық көлемде орындамағанын анықтап береді. Жаңбыр жауса, оқу орнының шатырынан су кетіп, сумен жабдықтау жүйесінде ақаулар бар, мектеп ауласында жарық пен спорт алаңы орнатылмаған. Бұдан басқа да кемшіліктер жоқ емес.

2018 жылы  «Фагот и К» ЖШС-не Ырғыздағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы сеніп тапсырылады. Нысан мердігерлік ұйымның қаржылық қиындықтарына байланысты аяқсыз қалған. 2020 жылы сот шешімімен мердігер жосықсыз қызмет көрсетуші ретінде танылды. Былтыр жобаға түзетулер енгізіліп, жаңа мердігер – «B-grass» ЖШС анықталды. Жұмыстар қайта жанданып, қазіргі таңда нысан 85%-ға аяқталды.
«Спортпен айналысатын балалар мен жастар үшін бұл кешеннің ашылуы керемет жаңалық болғалы тұр. Жұмыстарыңызды мерзімінде бітіру керек деп, сала-құлаш жасамаңыздар. Көбі бітіп, азы қалды. Болашақ чемпиондарымыз осы жерде тәрбиеленіп, өсіп өнеді. Сондықтан бәрі сапалы болуы тиіс», — деді Асхат Шахаров.

Ырғыз ауданында аралаған әлеуметтік нысандардың құрылысына бақылау күшейтіледі.

Д. Айдар