Асхат Шахаров Шалқарда жаңа спорт мектебін салу туралы бастаманы қолдады

Шалқар ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асхат Шахаров аудан орталығы – Шалқар қаласының әлеуметтік–экономикалық дамуымен, сондай-ақ бірқатар өзекті мәселелердің шешілу барысымен танысты.

Өңір басшысы В.Н.Цеханович атындағы №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болды.

Спорт мектебінің ғимараты 1904 жылы локомотив депосының асханасы ретінде салынған. 1971 жылы асхана спорт мектебінің күрес залына бейімделді. Бүгінде мұнда 820-дан астам бала жаттығуда. Спорт мектебінің директоры Дәулет Дәрібаев ғимараттың тар екенін айтып, негізгісін кеңейтуге ниетті.  Тіпті, жаңа спорт кешенін салатын жерін де тауып қойған.

«Жасөспірімдер мен жастардың спортқа қызығушылығы жоғары екенін көріп тұрмыз. Мықты спортшының есімін иеленген спорт мектебін жауып тастауға болмайды. Оған жапсарлас, үлкен әрі заманға сай құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа ғимарат салуды қолдаймын. Ауқымды шаралар өткізетін Шалқарда орын жоқ. Сондықтан, тез арада жобалау құжаттарын әзірлеу керек», — деді Асхат Шахаров В.Н.Цеханович спорт мектебінде спортшылармен кездескен сәтте.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.