Бершүгірді түлетуге 12 кәсіпорын атсалысуда

Қазіргі уақытта Шалқар ауданының Бершүгір ауылында құрылыс қарқынды. Мұндағы қиыршық тас өндіру және өңдеумен айналысатын 12 компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бірнеше жобаны іске асыруда.

Облыс әкімі Асхат Шахаров кәсіпорындардың өкілдері және ауыл тұрғындарымен кездесті. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Мұғалжар Нефтестрой» ЖШС ауылдың 1,5 шақырымдық кіреберіс жолын салып берген. Ал
«Абзал» ЖШС 1,1 шақырымды құрайтын айналма көпірден мектепке дейінгі аралыққа, 0,5 шақырымдық Шығыс көшесіне және 0,4 шақырымдық Ақтан баба көшесіне күрделі жөндеу жүргізуде.  «Адал Арна Ачисай» кәсіпорны өзіне белгіленген Ө.Отарбаев көшесіне асфальт төседі. «Диабаз-НТ» компаниясы орталық саябақты толықтай қалпына келтірмек. Ал «Ырғыз-Тасқұм» ЖШС балабақша салады. Ауылдағы өзгерістерге тұрғындар дән риза.

Өңір басшысы Бершүгірді дамытуға атсалысып жатқан кәсіпорындар осы ауылдың тұрғындарын жұмыспен қамту, жұмысшылардың жалақыларын мерзімінде беру міндеті де күн тәртібінен түспейтін мәселелер екенін алға тартты. Ал мемлекеттік органдар бизнесті қолдауға бар жағдай жасайды.

 

Д. Айдар