Ұстаздар күні қарсаңында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология факультетінде мерекелік кеш ұйымдастырылып, бір топ оқытушыға құрмет көрсетілді.
Мерекелік шараға «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының кеңесшісі Сабыржан Мұхтаров, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров, филология факультетінің деканы Бақтыгүл Ертілеуова, сондай-ақ облыстық басқармалар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Басқосуда алдымен сөз сөйлеген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың алар орны ерекше екенін, сондықтан оларға қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайтынын тілге тиек етті.
— Біз қашанда филология факультетімен тығыз байланыстамыз. Себебі облыстық газет қызметкерлерінің дені — осы факультеттен түлеп ұшқан түлектер. Екінші жағынан, оқу орны мен біздің серіктестік арасында меморандумға қол қойылған болатын. Сондықтан қай жағынан алып қарасақ та, біздің факультет оқытушыларымен, студенттерімен шығармашылық байланысымыз үзілмейді. Бүгін, міне, осы орайда сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, жүрекжарды лебізімізді білдіруге келіп отырмыз. Қай кезде де біз үшін ұстаздардың орны бөлек. Бүгінде облыстық басылым оқырмандарының көп бөлігі — ұстаздар. Сол себепті мұғалімдер қандай құрметке де лайықты, — деген холдинг директоры университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Абат Пангереевке облыстық «Ақтөбе» газетінің бұрынғы бас редакторы, публицист-қаламгер Әмір Оралбай атындағы сыйлықты табыс етіп, құрмет көрсетті. Сондай-ақ университет профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлжан Шоқымға, филология ғылымдарының кандидаты Эльмира Ідірісоваға, факультет оқытушысы Зухра Молдабаеваға құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Бұдан кейін облыстық ішкі саясат, білім, тілдерді дамыту басқармалары мен «Ақжол» партиясының облыстық филлиалы, «Қабақ баба» қоғамдық қорының өкілдері бір топ оқытушыға сый-сияпат табыстап, жиналғандарға жылы лебіздерін жеткізді.
Кеш барысында университеттің өнерлі оқытушылары әннен шашу шашып, ұстаздар қауымына өз ілтипаттарын білдірді.
Қонақтарға алғысын айтып, ризашылығын білдірген ректордың кеңесшісі Сабыржан Мұхтаров ұстаздарға құрмет көрсету қашанда игілікті іс екенін, университет оқытушылары жыл сайын мыңдаған түлекті қанат қақтырып, үлкен өмір жолына аттандыратынын, жас мамандарды даярлауда зор еңбек сіңіретінін жеткізді.
Кеш соңында ұстаздар мен студенттер естелік суретке түсіп, ерекше көңіл күймен тарасты.
Данагүл ҚАЗИХАН.
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі