Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылау мақсатында Ақтөбе облысының полиция департаменті жанындағы консультативтік кеңесші органның төрағасы Сәния Қалдығұлова бастаған топ Мәртөк аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен кездесті.
Топтың құрамында облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Қали Әшім мен «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин және облыстық полиция департаментінің өкілдері болды.
Мәртөк аудандық полиция бөлімінің бастығы Мирболат Масабаев бөлім қызметкерлеріне келген қонақтарды таныстырып, кездесудің маңыздылығын айтып өтті.
Президенттің 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған мәселелері кеңінен түсіндіріліп, ондағы берілген тапсырмаларды орындау бағытындағы жоспарлар талқыланды.
— Жолдауда ел азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыру туралы жағымды жаңалықтар бар. Айталық, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану арқылы тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік берілді. Білім саласында да көптеген өзгеріс күтіп тұр. «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 400-ге жуық жаңа мектеп салу көзделіп отыр. Ал біздің облыста 18 жаңа мектеп салыну жоспарланып, 14 мектептің құрылысы биыл басталады.Ал ауылдық жерлерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынуда. Қараша айында Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарында аудан әкімдерінің сайлауы өткізілмек. Бұдан былай, Жолдауда айтылғандай, әкімдерге бюджетті дербес қалыптастыру құқығы беріледі. Ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту да Жолдауда айтылды. Ең бастысы, ұлттың жаңа сапасын қалыптасыру — ортақ міндетіміз. Президенттің өзі: «Әділетті Қазақстан құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Қоғамдық сана, адамдардың ниеті өзгеруі керек», — деген болатын. Ұрпағымыз отаншыл, тәртіпті, сауатты болуға тиіс. Бұған тәртіп сақшыларының бұған қосар үлесі зор, — деді Сәния Қалдығұлова.
Өз кезегінде сөз алған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бұқара мен биліктің арасын жалғайтын облыстық газеттердің нақты, сапалы ақпараттандыруды жүргізіп келе жатқанын айтты.
— Біздің журналистер облыстық полиция департаментімен тығыз байланыста болып, аудан, қала бойынша жаңалықтарды басылымда үзбей жариялап келеді. Қазір әлеуметтік желілер де тексерілмеген түрлі ақпараттар көп.Біз мемлекеттің саясатын жүргізуге атсалысып, Президенттің тапсырмаларын, Үкімет қабылдаған шешімдер мен бағдарламаларды халыққа дұрыс жеткіземіз.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша барлық ауданды аралап шықтық. Бағдарламаның тиімділігін, кәсіп ашудың қыр-сырын қарапайым тұрғындарға жеткізіп, насихаттадық. Іскер жастардың бизнесін, белсенділігін үлгі етіп көрсеттік. Жолдауда айтылған мәселелердің қалай шешіліп жатқандығын үнемі жариялап тұрамыз. Маусым айында ПрезидентҚасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Сонда Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігі мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша құрылым екенін атап өтті. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керектігін және мұндай әрекеттерге тыйым салынғандығын айтты, — деді Раукен Отыншин.
Кездесуде полиция қызметкерлері өз пікірлерін ортаға салып, Жолдау туралы ойларын бөлісті.
Самат НАРЕГЕЕВ.
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі