Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдаудың аралық қорытындылары өңірлік жедел штаб пен төтенше жағдайлардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиялардың бірлескен отырысында қаралды. Отырыс облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Алмат Мырзалиевтің айтуынша, биылғы жылдың басынан бері тіркелген 66 сыбайлас жемқорлық қылмыс фактісінің 32-сі – парақорлық бойынша.
Қазіргі уақытта департамент денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуде. Жалақы мен сыйлықақыларды негізсіз асыра бағалау, дәрігерлерді жұмысқа орналастыру кезінде басшылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамауы және өзге де сыбайлас жемқорлық тәуекелдері деректері анықталды. Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласындағы сыртқы талдау жалғасып жатыр. Барлық анықталған тәуекелдер бойынша департамент ұсынымдар береді.
Алмат Мырзалиев азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тартуға бағытталған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының жүзеге асырылуы туралы да хабардар етті. Бүгінгі таңда бұл жобаға облыстың 90-нан астам белсенді тұрғыны қатысуда. Еріктілер Ақтөбе қаласының бірқатар көшелерінде веложолдар салу, жолдарды жөндеу және жарықтандыру орнату мәселелерін көтерген.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыруда, оның аясында жыл басынан 300-ден астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Жалпы, жоба өңірдегі бизнесті дамыту жолындағы әкімшілік кедергілерді жою бойынша ұсыныстарды өзектендіруге мүмкіндік береді.
Баяндаманы талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына барлық ескертулерді жою және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мақсатында өңірдің медициналық мекемелерінің бас дәрігерлері арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, отырыс барысында көпқабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігінің өзекті мәселелері қаралды.
Жыл басталғалы облыста 225 өрт тіркелді, оның 35-і көпқабатты үйлерде, деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов. Өрттің негізгі себебі – отпен абайсызда жұмыс істеу, электр жабдықтарын орнату және пайдалану ережелерін бұзу, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу.
Нұрғали Жүнісов өрт-профилактикалық жұмысты жетілдіру мақсатында қазіргі уақытта 60 метрлік (20 қабат) өрт сөндіру авто көтергішін сатып алу, өрт сөндіру машиналары үшін жолды бөгейтін кедергілерді орнату мәселесін шешуді көздейтін көшпелі жұмыс топтарын қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, жанғыш материалдардан жасалған тұрғын үйлердің қасбеттерінің қаптамасын ауыстыру бойынша Жол картасын әзірлеу туралы ұсыныс айтылды.
Барлық айтылған проблемалар бақылауға алынды, оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар мұқият зерделейді.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті