Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары бюджетті қайта бөлді

       

 Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар Ақтөбе облысының 2023-2025 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізіп, 14,4 млрд теңгені қайта бөлді.

Отырысқа қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бюджетті нақтылау аясында қаралған барлық жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын алға тартты.

Осылайша, қаражат Бадамша ауылындағы Өнер мектебі, Маржанбұлақ ауылындағы мектеп, Қарғалы қалалық ауруханасы, Қаратоғай ауылындағы медициналық пункт және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысын аяқтауға бағытталады. Сондай-ақ, Шалқар ауданы Есет батыр ауылын газдандыру, Ақтөбеде магистральдық газ құбыры-бұрмалаудың 3 желісінің құрылысы, Алға қаласындағы көпқабатты үйлер мен жылу трассасын күрделі жөндеу, Қандыағаш қаласындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жобалары қаржыландырылады.

Жолдарды салу және жөндеу, оның ішінде өңірдің бірқатар ауылдық елді мекендерінің кіреберіс және ауыл ішіндегі жолдарын жөндеуге қатысты жобалар қолдау тапты.

Қаржы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау, спорт, кәсіпкерлік және ветеринария салаларын дамытуға, ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға, оның ішінде жем шығындарының құнын және арамшөптер мен зиянды организмдермен күресу үшін пестицидтердің құнын субсидиялауға да бағыттайды.

Облыс әкімі депутаттарға жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын тез арада қолдағаны үшін алғысын білдірді.

«Бүгінде өңірде әлеуметтік маңызы бар жобалар, соның ішінде жол құрылысы саласында да тоқтап тұрған жобалар аз емес. Біздің міндетіміз – олардың пайдалануға берілуін бірлесе отырып, қамтамасыз ету. Болашақта осындай проблемаларды болдырмас үшін бюджетті тиімді жоспарлау қажет», — деді сессия қорытындысы бойынша Асхат Шахаров.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.