Байғанин ауданының жаңа әкімі алдына нақты міндеттер қойылды 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Байғанин ауданының активімен кездесу өткізді. 

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Байғанин аудандық мәслихатының келісімі бойынша тағайындалған ауданның жаңа әкімі Айбек Көпенов таныстырылды.

«Байғанин ауданы – облыс экономикасының дамуына үлесін қосып отырған облысымыздағы ірі аудандардың бірі. Жер асты қойнаулары пайдалы қазбаларға бай және мал шаруашылығы жақсы дамыған өлке. Аудан басшылығы биылғы жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 100% орындалуын және өсуін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауы қажет», — деп атап өтті Асхат Шахаров.

Облыс әкімі қазіргі уақытта ауданда шешуді талап ететін бірқатар мәселе бар екенін алға тартты.

Атап айтқанда, аудан орталықтандырылған ауыз сумен 92,8%-ға қамтамасыз етілген. Осыған байланысты 2025 жылға дейін халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жөнінде нақты шаралар қабылдау қажет.

«Биыл, жыл соңына дейін жоспарланған жол жөндеу жобаларын уақытылв іске асыру міндеті тұр. Сондай-ақ, бүгінде ауданда көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандар — Оймауыт ауылындағы мектеп-балабақша, Қарауылкелді ауылындағы көппәтерлі тұрғын үй құрылысы тоқтап қалған. Аталған объектілердің құрылысы аяқталуы тиіс.  Қарауылкелді ауылының №2 мектебінің 1937 жылы саманнан салынған бөлігі апатты жағдайда. Сонымен қатар, Кемерші ауылындағы бөбекжай ғимараты 1976 жылы қалқан ағашынан салынған. Ол да апатты жағдайда екендігі белгілі. Аудан әкіміне осы мәселені жан-жақты зерделеп, тиісті салалық басқармалармен жұмыс жасап, жаңа нысандар салу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», — деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ, Баршақұм, Жарқамыс, Қаражар, Кемерші, Жаңатан, Алтай батыр елді мекендерінде құмның көшуін тоқтатуға қатысты ауқымды жобаны іске асыруды қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойылды. Жобаны іске асыру 2023-2026 жылдарға арналған.

Ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру мәселелері де күн тәртібінен түспеуі тиіс.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.