Ойыл ауданына жасаған сапарында облыс әкімі Асхат Шахаров «Ойыл – Қаратал» күре жолының құрылысымен танысты. Автожол биылғы желтоқсан айында халық игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. «АссанаДорСтрой» компаниясы қазіргі күні асфальт төсеуді жалғастыруда. Су өткізгіштер, жол белгілері, қоршаулар, дыбыстық бағаналар орнатылған. Мердігерлер ұзындығы 20,3 шақырымды құрайтын автожолды мерзімінде аяқтаймыз деп уәде берді.
«Жолдың сапалы салынуын бақылауда ұстаңыздар. Жалпы, Ойыл ауданында бірнеше жолды жөндеу керек. Әсіресе, құрылысы тоқтап тұрған «Ойыл-Қараой» аудандық маңызы бар жолды аяқтау қажет. Қаржы бөлінді, бірақ мердігер компаниялар жауапсыздық танытқан. Басқа компания тауып, жұмысты жандандыру шарт. Ауылдарға кіреберіс жолдармен қоса, ең бастысы Ойыл мен Қобда арасын жалғайтын тасжолды келесі жылы жөндеуге кірісу керек», — деп Асхат Шахаров жауапты мемлекеттік орган басшыларына тапсырма берді.
Сондай-ақ, өңір басшысы «Қобда-Жиренқопа» автокөлік жолының 268 шақырымындағы су өткізгіш құбырын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Көктемгі су тасқыны кезінде жолдың астына салынған құбырлар су мөлшерінің жоғарылығына төтеп бере алмау себебінен тасжолды су шайып кеткен еді. Бүгінгі күні «Глобал» ЖШС су өткізгіш құбырларды қайта ауыстырып, диаметрі екі есе үлкен құрал орнатуда. Бұл малдың күре жолдан кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. 50%-дан астам жұмыс бітіп тұр. Тапсырыс беруші қараша айының соңында мердігерден қабылдайды. Нысан — облыс әкімінің бақылауында.
Айтып өту керек, Қобда ауданында көктемгі су тасқынына байланысты жарияланған төтенше жағдай режімі әлі де сақтаулы.
Д. АЙДАР
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті