Ақтөбе облысының әкімі Ырғыз ауданы әкімінің сайлау қорытындысы бойынша сайланған Нұрлан Қызбергеновпен аудан активінің кездесуіне қатысты.
«Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 5 қарашада Қобда, Ойыл және Ырғыз аудандарының әкімдерін тікелей сайлау өтті. Дауыс беру қорытындысына сәйкес, Ырғыз ауданының әкімі болып Нұрлан Қызбергенов сайланды. Оған алдағы қызметіне сәттілік тілейміз», — деді Асхат Шахаров.
Нұрлан Қызбергеновтің алдына ауданның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдық елді мекендерді газдандыру, нормативтік жағдайда аудандық маңызы бар автожолдардың үлесін ұлғайту бойынша міндеттер қойылды.
«Проблемалық мәселелердің бірі – Ырғыз, Аманкөл және Құтикөл ауылдарында жаз мезгілінде ауыз су тапшылығы. Аудан әкімі осы мәселені шешу жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұдан басқа, Жаныс би және Шеңбертал ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысын толық және сапалы аяқтауды қамтамасыз ету қажет. Бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтап тұр, оның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, тұрғын үйлер, автожолдар бар. Бұл нысандарды пайдалануға беруді қамтамасыз етуге басымдық берілуі тиіс», — деп атап өтті Асхат Шахаров.
Ол сондай-ақ осы қыста халықтың қажеттіліктеріне орай көмір қорларын құру жөніндегі жұмыстарды жеделдету қажеттігін алға тартты. Бүгінгі таңда ауданға 350 тонна немесе жалпы қажеттіліктің 25% жеткізілген.
Жаңа мектептер салу және жұмыс істеп тұрған ғимараттарды күрделі жөндеу, Қарасай, Мамыр және Дүкен ауылдарын ұялы байланыспен қамтамасыз ету, ауылдық елді мекендерді абаттандыру, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және жастарды жұмыспен қамту, медицина мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және т. б. басым бағыттардың қатарына жатады.
«Сонымен қатар, санитарлық тазалық пен абаттандыру мәселелері үнемі назарда болуы керек. Аудан әкіміне барлық тапсырмаларды қатаң бақылауда ұстауды және олардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету», — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Басқосу барысында сөз сөйлеген Нұрлан Қызбергенов Ырғыз ауданы тұрғындарының сенімін ақтау үшін өзінің барлық тәжірибесін, білімі мен күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.
Д.АЙДАР
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті