Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және цифрландыруды дамыту жөніндегі шараларды іске асыру мәселелері қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының деректеріне сәйкес, биылғы қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша инвестицияның нақты көлем индексі – 108,2%, құрылыс жұмыстары – 120,6%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 105,0%, көлік және қоймалау – 117,9% құрады. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, өнеркәсіп, көтерме және бөлшек саудада төмендеу байқалады.
«Инвестицияларды тарту өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көтерме және бөлшек сауда көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді. Облыс бойынша биылғы жылы 1,1 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарланған. 10 айда инвестиция көлемі 804,4 млрд. теңгені құрады. Барлық жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету маңызды. Жылдың соңына бір жарым ай ғана қалды. Облыстық басқармалар, әкімдіктер облыс экономикасының барлық салаларында өсу қарқынын арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауы тиіс», — деп атап өтті облыс әкімі Асхат Шахаров.
Ағымдағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бектұрған Зайрымбет баяндады.
Бүгінде өңірде қызылша ауруының 2,3 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Оның 73,3%-ы екпе алмаған балалар арасында байқалып отыр. Аурудың алдын алу бойынша шаралар қабылданған, халықты қосымша жаппай иммундау жұмыстары жүргізілуде.
Бектұрған Зайрымбет облыста жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сібір жарасы, шешек, нодулярлық дерматит, туберкулез және т.б. қарсы ауруларға қарсы вакцинация толық көлемде жүргізіледі. Бруцеллез – бақылауда. 9 қарашадағы жағдай бойынша 499 мыңнан астам ІҚМ басы тексерілді.
Өңір басшысы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Облысты цифрландырудағы негізгі міндеттерді іске асыру туралы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев баяндады. Ол қала құрылысының көптеген мәселелерін жеңілдету үшін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағдарламалары аясында құрылған геопорталдың дамуы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Әсет Отарбаевтың сөзінше, геопорталды дамыту аясында жыл соңына дейін Ақтөбе қаласындағы Табиғи монополиялар субъектілерінің бірқатар қызметтерін автоматтандыру жоспарлануда («Aqtobe su-energy group» АҚ, «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС, «Теміржолсу-Ақтөбе» ЖШС, «QazServiceGroup» ЖШС, «ATK Qyzmet» ЖШС, «Энергосистема» ЖШС), бұл тұрғындарға анықтама алу, көрсетілген қызметтер үшін қашықтан қайта есеп айырысуға мүмкіндік береді.
Цифрлық теңсіздікті төмендету мәселесі назардан тыс қалмайды. Осы мақсатта ауылдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету, Ақтөбе қаласында сигналды күшейте отырып, 4G стандартының базалық станцияларын жаңғырту және өңірдің мектептерін сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті