Облыс әкімі ақтөбелік ақын-жазушылармен кездесті

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалы мүшелері, яғни ақтөбелік ақындар және жазушылармен кездесті.

Басқосуда өңірдің рухани-мәдени саласында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды, қоғамға ортақ мәселелер талқыланды. Қатысушылар қол жеткізген жетістіктері мен болашақ жоспарларын да айтты.

Биыл облыста халықаралық «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдебиет форумы, Табылды Досымов атындағы байқау, жыршылар байқауы және тағы да басқа іс-шаралар ұйымдастырылып, «Ер Едіге» жыр мектебінің ашылды, сонымен қатар, ұлы тұлғалар мен танымал азаматтарға  көше атаулары берілді. Кіші жүз ханы, батыр, қолбасшы Әбілқайыр ханның 330 жылдығы, Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, белгілі драматург Тахауи Ахтановтың 100 жылдығы республика көлемінде атап өтілді. Күні кеше ақын, публицист, Жазушылар одағының мүшесі Мейірхан Ақдәулетұлының жыр кеші ұйымдастырылып, оған құрмет көрсетілді.

Бүгінгі кездесу барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының жаңа төрағасы Бауыржан Құрманқұлов ұйымның жоспарын жеткізді. Ақтөбелік ақындар мен жазушыларға жиналатын, бірге жұмыс істейтін орын, қаржылай қолдау қажет.

Аймақ басшысы ұлы тұлғаларды ұлықтау, ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау, мәдени-рухани шараларды өткізу әрі қарай жалғасатынын, мәдениет пен әдебиет саласындағы мәселелерді шешу үнемі назарда болатынын тілге тиек етті. Қаламгерлерді қоғам игілігі үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ