Арманы кермек ақын…

Әдеби кеш

«… Ділі — жусан,

қиялы — қыпшақы ердің Тарланы.

Жылқымүсінболмысы,

Сордан кермек арманы.

Мұңы — Қобыз,төзімі

болдыртардай түйені,

Домбырасы — дұғасы,

Сөзі — серті киелі.

Қыран түгіл,

Қарғасы

қара ойды ұғар қиядан

Осы Дала — Отаным.

Ұқсамауғаұялам»—деп жырлаған Мейірхан ақын — Мейірхан Ақдәулетұлының Ақтөбеде ұйымдастырылған «Мен Тәңірдің зор қатесі шығармын» атты жыр кешіне жырсүйер жұрт көптен күткен қуанышқа ағылғандай, топ-тобымен келді. Т.Ахтанов атындағы драма театрдың залы лық толып,түрегеліп тұрғандар да көп болды.

Биыл ақынның жырлары мен поэмалары, әр жылдары баспасөз бетінде жарық көрген, өз тұсындағы қоғамның ең түйткілді мәселелерін қозғап жазған мақалалары, аудармалары топтастырылған 5 томдық жинағы жарыққа шыға бастады. Осыған орай Ақтөбеде оның шығармашылық кешін ұйымдастыру қолға алынып, жан-жақтан қонақтар да шақырылған болатын. Сәрсенбі күні кеш иесі мен алыстан арнайы келген белгілі қаламгерлер —  ақын, Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы поэзия кеңесінің төрағасы Әділғазы Қайырбеков, ақын, мемлекеттік Дарын сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат және ақын, республикалық «Түркістан» апталығының бас редакторы Бауыржан Бабажанұлын облыс әкімі Асхат Шахаров қабылдады.

Өңір басшысы ақын Мейірхан Ақдәулетұлын қазақ поэзиясында өзіндік үні бар ақын ретінде құрметтейтінін, сондай-ақ оның бүгінгі қазақ публицистикасындағы орнын атап өтіп, сый-сияпат көрсетіп, иығына шапан жапты.

Ал ақынның жыр кеші оның әйгілі «Қосүрейлер үйі» поэмасы бойынша әзірленген сахналық көріністен басталды. Бұл — алып империяның сырттай қалыпты көрінгісі келгенмен, үңіле білгенге ішкі қайшылығы, ақылға сыйымсыз тірлігі көп, ыдырар алдындағы соңғы кезеңіне меңзейтін шығарма. Шағын қойылымды Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артистері әзірлеп, сахналады. Режиссері — Елтай Кемал.

Бұдан соң кеш жүргізушісі, ақын Бауыржан Бабажанұлы сөз алып, Мейірхан Ақдәулетұлының шығармашылығына, сондай-ақ журналистикада жүріп өткен жолына тоқталды:

— Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі өтпелі кезең халыққа өте қиын тиді. Осы тұста қазақтың екі мықты қаламгері — жазушы Марат Қабанбай мен ақын Мейірхан Ақдәулетұлы өз шығармашылықтарын ысырып қойып, баспасөзге бет бұрды. Естеріңізде болса, сол кездері «Қазақ әдебиеті» газетінің әр санын «Мейірханның жаңа мақаласын оқу үшін күтемін» дейтін пікір де айтылатын. Мәкеңнің күн демей, түн демей еңбек еткен «Алтын Ордасы» да күллі Қазақстанның назарын аударып, оқырманы ең көп басылымның бірі болды, — деді.

Алғашқы сөз кеш иесінің өзіне берілді.

— Адамзат баласы үшін өнердің орны қашан да бөлек. Бүгінгі зал толы жұрт сол өнердің қасиетті бір тармағы — өлең-сөзге бас иіп, осында өлең үшін келіп отырғандықтан, ыстық ықыластарыңызға алғысымды айтып, өлең оқып берсем деймін, — деп, ақын өзінің «Бейуақтағы мінажат» өлеңін бастап кетті.

Жалпы, Мейірхан Ақдәулетұлы кеш бойы өлең оқыды. Соның ішінде «Жалғасу заңы» жырын өзінің жақсы көретін өлеңі ретінде атағанын айта кеткіміз келеді.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова құттықтау сөз сөйлеп, ақынға «Ақтөбе облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ:

— Ақын Мейірхан Ақдәулетұлының жиі айтатын сөзі бар: «Адамға, адамдарға керек болу өте маңызды» — дейді. Расында, ақын мен оның жыры керек болғандықтан, халық бүгін осы залға жиылып отыр. Осылайша бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүргенге жетер ештеңе жоқ,— деп, қалың көпшілікке де алғысын айтты.

Жиында ақындар — Әділғазы Қайырбеков, Светқали Нұржан, Ертай Ашықбаев, жазушы Дәурен Қуат, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры Раукен Отыншин, белгілі ғалым Алтай Тайжанов, Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Айбек Өксікбаев, т.б. сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Ақын Әділғазы Қайырбеков:

— Егер Төлеген Айбергенов сағыныш туралы толғап, сағынышқа айналып кеткен ақын болса, Мейірхан Ақдәулетовті мен«мұңның ақыны» дер едім. Оның жырлағаны — қара басының мұңы емес, халықтың мұңы, — дей келіп, Мейірхан ақынға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын тапсырып, осы қоғамдық ұйымның атынан иығына шапан жапты.

Маңғыстаудан келген ақын Светқали Нұржан кеш иесіне «Жұмекен Нәжімеденовтің ареалына, кеңістігіне біткен интеллектуал ақын» деп баға берді.

Жазушы, редактор Мейірхан Ақдәулетұлының шәкірттерінің бірі Дәурен Қуат та осы кешке қатысу үшін Алматыдан арнайы келіпті:

Бүгінгі кештің әдемі өтіп жатқаны, қалың оқырманның Мейірхан ағаға деген ықыласы мен үшін де үлкен мерей, мәртебе. Осы Ақтөбеде «Алтын Орда» газетін шығарған кезімізде, Мәкеңмен күнделікті араласып, «Өзіне-өзі өтірік айтатын ұлтқа айналдық» деген сынды кесек-кесек ойларын өз аузынан еститінбіз. Бүгінгі кештің аты да адамды ойландырады. «Мен Тәңірдің зор қатесі шығармын, өзі ғана жөндейтін» деген сөзге бүкіл адамзат баласының тағдыры сыйып тұрғандай көрінеді. Ақынының сөзі, өлеңі осылайша зор болғанда ғана, қоғам өседі, — деп жеткізді ол өз лебізін.

Ақын Ертай Ашықбаев:

— Өлең сөзде де, қара сөзде де, аудармада да қолтаңбасы ерекше көрініп тұратын Мейірхан Ақдәулетұлын кейінгі жастар өздеріне ұстаз тұтады. Жас қаламгерлер оны көрінген жерде қаумалай кетеді, көрінбесе іздейді, сұрастырады. Бұл — Мәкеңнің ұстаздық дәрежеге жеткенінің белгісі. Сөз өнерінде ұстаздық дәрежеге жету оңай емес. Ол арнайы оқумен немесе академик сайлағандай сайлаумен келмейді, оны халық өзі іріктеп, таңдайды, — деді.

Ал «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры Раукен Отыншин өз сөзінде Мейірхан Ақдәулетұлының қазақ баспасөзінің дамуына қосқан үлесіне тоқталды:

Мейірхан Ақдәулетұлы Ақтөбе, Атырау сынды облыс орталықтарында жүріп, бүкіл елге таралған, танымал болған «Алтын Орда» газетін шығарды. Өз тұсында бұл үлкен жаңалық, тыңнан түрен салғандай қадам болды. Одан кейін облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің басын қосқан мекемеге басшылық етті, «Адырна» журналын шығарды. Мейірхан Ақдәулетұлы қайда жүрсе, оқырман да солай қарай тартылды, — деді.

Кеште ақынның сөзіне жазылған әндер де айтылып, Шынтас пен Айнагүл Омаровтар, Дулат Айтжанов, Мейірбек Тәжіғұлов, Айбат Мақашев, т.б. өнер көрсетті.

Соңынан оқырман қауым сахна төріне шығып, ақынға гүл шоқтарын ұсынып, қаумаласа қолтаңба алысты.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.