Сүйінші
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды халық санының 20 миллионға жетуімен құттықтады.
«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы — бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», — деп жазды Президент Twitter-де.
14 сәбидің алғашқы сыйлығы
Биыл 14 қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Дәл осы күні облыстық перинаталды орталықта 10 бала дүниеге келді. Оның үшеуі — ұл, қалғандары — қыз бала.
Кеше облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері мен кәсіпкер қыз-келіншектер аналарды құттықтап, олардың сәбилеріне сый-сияпат үлестірді.
Мерекелік шара облыстық перинаталды орталықтың фойесінде ұйымдастырылды.—Бүгін — керемет күн.Қазақстан халқының санын арттыруға үлес қосқан аналарымызды елеулі күнмен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан халқының санын жиырма миллионға жеткізу көрсеткішінде облыстық перинаталды орталықта да дүниеге келген балалардың үлесібар. Сол үшін біз қуаныштымыз. Елімізде халық санын арттырып, демографиялық көрсеткішті арттыру үшін біз де өз үлесімізді қосып жатырмыз. Жиырма миллионыншы тұрғынды анықтау үшін есепті уақыт 14 қарашада таңғы сағат 8.00-ден түнгі сағат 12.00-ге дейін жалғасты. Сол аралықта орталықта 10 бала дүниеге келді. Оның үшеуі — ұл, қалғандары — қыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, яғни 16 қарашада халқымыздың саны 20 миллионға жеткенін хабарлап, құттықтағасын, біздің орталықта да ерекше мереке ұйымдастырылып жатыр, — деді облыстық перинатальды орталықтың директоры Гүлшат Темірбаева.
Бұл күні Аяулым есімді сәбиді өмірге әкелген Ақтөбе қаласының 30 жастағы тұрғыны Жанат Қайратқызы:
— 14 қарашада таңғы сағат 8.31-де үшінші баламды өмірге әкелдім. Аты-жөні — Аяулым Бекжанқызы. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Осындай маңызды күні дүние есігін ашқан сәбиіміздің өмірге аман-сау келгені үшін отбасым, барлық ағайын-туыс ерекше қуанып жатыр. Ата-әжесінің қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмаймын, — дейді.
Шара барысында облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның атынан облыстық мәслихаттың депутаты, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нүркеева және басқалары жас босанған 14 анаға гүл шоқтарын беріп, нәрестелерге арналған жиынтық пен сәбиді дамытуға арналған кілемшелер сыйлады. Олардың арасында көпбалалы аналар да болды.
Маңызды күннің құрметіне дәрігерлер мен депутаттар, кәсіпкерлер аналар мен сәбилерді ортаға алып, естелік суретке түсті.
Арайлым НҰРБАЕВА.
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі