Ақтөбеде халықаралық мектептің құрылысы басталады

2024 жылы Ақтөбе қаласында бой көтеретін нысанды Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары салады.

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «International Community Schools» мектебінің құрылтайшысы, Басқарушы директоры Мұхаммед Шаммамен кездесіп, жеке мектептің құрылыс жұмыстарына қатысты мәселелерді талқылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторларды тартуға және инвестициялық жобаларды қолдаудың маңыздылығына аса мән беріп келеді. Қазақстан – экономика мен бизнес тарапынан тартымды ел. Ақтөбеде халықаралық деңгейдегі мектеп салу туралы бастамаңызға өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз. Алдағы уақытта басқа да жобаларыңызды жүзеге асырамын десеңіз, біз қолдауға әзірміз», – деді облыс әкімі.

Инвестор бұл мектепке 6,6 млрд теңге қаржысын салады. 2025 жылы пайдалануға беру жоспары бар. Бүгінгі күні облыс орталығынан 3 га жер бөлінген. Жобалық құжаттамасы дайын болған соң, мемлекеттік сараптамаға жіберілмек. Инвестор өз кезегінде күн тәртібінде тұрған мәселесі жоқтығын айтып, жоба бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Мені қабылдап, кездесуге мүмкіндік бергеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сізбен бірінші рет кездесіп отырмын. Бұған дейін салалық басқарма басшыларымен кездесіп, бұл жоба туралы жан-жақты сөйлесіп, өзекті мәселелерді талқыладық. Сұрақтарымыз жауабын тауып, БАӘ келген инвесторларға қолдау көрсетті. Оқу-ағарту министрлігімен де ынтымақтастықта жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені, біз осы елдің білім жүйесіндегі стандарттарын, бағдарламаларын, сондай-ақ, оқу ақыларын білу шарт. Біз бұл мектептің әрбір ақтөбелік үшін қолжетімді болғанын қалаймыз», – деп Мұхаммед Шамма өз сөзін түйіндеді.

Жоба бойынша білім ордасы 720 орынға лайықталған. Жобаның ерекшелігі сол, оқушылар математика, физика, ағылшын тілін тереңдетіп оқиды. 7-15 жас аралығындағы балалар 3-8 адамнан құралатын шағын топтарда білім алады. Оқу бағдарламасы аясында оқушылардың орта арнайы мамандықтар бойынша сертификат ала алуға мүмкіндігі бар.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.