Мәртөк ауданының жаңа әкімі алдына нақты міндеттер қойылды

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Мәртөк ауданының активімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Мәртөк аудандық мәслихатының келісімі бойынша тағайындалған ауданның жаңа әкімі Медет Искаков таныстырылды.

Облыс әкімі аудан басшылығының негізгі міндеті – Мәртөк ауданының жоспарланған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне 100% қол жеткізу және одан әрі арттыру екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта ауданда шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Ауданның жаңа әкімі елді мекендерді газдандыру бойынша жұмыс істеуі қажет. Бүгінгі таңда ауданда 32 ауылдың  14-і газдандырылды. Осыған байланысты аудан әкімдігіне энергетика басқармасымен бірлесіп, қалған елді мекендерді газбен жабдықтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырамын. Сондай-ақ, тиісті нормативке сай келетін жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін ұлғайту, ауыл ішіндегі  көшелердің жолдарын жөндеу жөнінде шаралар қабылдау, соңдай-ақ Мәртөк ауылында 39 екі пәтерлі коммуналдық үйдің құрылысын толық және сапалы аяқтауды қамтамасыз ету қажет», — деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ, облыс басшысы Қаратоғай ауылында спорт кешенінің құрылысын аяқтауды, «Мәртөк-Дмитриевка-Байторысай», «Шевченко-Қызылжар», «Мәртөк-Қаратаусай» автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды, мектептерді жөндеуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

«Мәртөк балалар шығармашылығы орталығының ғимараты ескірген. Мәселені шешу мақсатында келесі жылы «Ауыл ел-бесігі» жобасы аясында жаңа ғимарат салуға қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда, аудан әкімдігі бұл мәселені бақылауда ұстауы қажет. Тағы бір мәселе, Жездібай және Жаңажол ауылдары ұялы байланыспен қамтамасыз етілмеген. Цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, осы мәселені пысықтау қажет», — деп жалғастырды облыс әкімі.

Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және халықты жұмыспен қамту, елді мекендерді абаттандыру  да міндеттер  қатарында.

Асхат Шахаров басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру, екенін алға тартты.

Отырыс барысында сөз сөйлеген Медет Искаков ауданның дамуы үшін өзінің барлық тәжірибесін, білімі мен күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

2021 жылдың наурыз айынан бастап Мәртөк ауданын басқарған Алмас Салықбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметтен босатылды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.