Асхат Шахаров: Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысында экологиялық мәселелерді шешу жеделдетіледі

   

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысының өңірдегі өзекті экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған тапсырмалары аясында атқарылып жатқан шараларды айтып берді.

«Мемлекет басшысы жуырда Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында экология саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Бұл мәселені шешу мақсатында жол картасы әзірленді. Оны дайындауға азаматтық қоғам өкілдері, тәуелсіз сарапшылар мен уәкілетті мемлекеттік органдар тартылды. Құжат өзекті экологиялық мәселелерді қамтиды, бұл бағыт бойынша алдағы үш жылда тиімді шаралар қабылданады», — деді Асхат Шахаров.

Айта кетерлігі, Ақтөбе облысында 80 пайыз тозығы жеткен Ақтөбе қаласындағы кәріздік тазарту құрылыстарының мәселесі жақын арада күн тәртібінен түспек. Облыс орталығында жаңадан тазарту қондырғылары салынады. Жалпы құны 53,5 млрд теңгені құрайтын жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырады. Бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарлануда.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ