Ақтөбе облысының әкімі өңірдің түйткілді мәселелерін атады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Асхат Шахаров Ақтөбе облысындағы түйткілді мәселелерді атады.

«Біз өз жұмысымызда, ең алдымен, «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын ұстанатынымызды атап өткім келеді. Облыс әкімдігінің ахуалдық орталығында жыл басынан бері 55 мыңнан астам қоңырау түскен байланыс орталығы жұмыс істейді. Сұраныстарды талдау кезінде біз халықты ең көп толғандыратын 5 мәселені, атап айтсақ, жолдардың жағдайы, экологиялық жағдай, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі, инфрақұрылым мәселелері және интернетпен қамтамасыз ету мәселелерін анықтадық. Олардың барлығы бақылауда, шешу шаралары жүргізілуде», — деді Асхат Шахаров.

Ол тұрғындардан түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі жолдардың сапасына қатысты екенін атап өтті. Бүгінде стандартты жағдайдағы облыстық маңызы бар жолдардың үлесі 75 пайызды құрайды. Биылғы жылы 33 млрд теңгегежергілікті маңызы бар жолдар 458 шақырым жол жөнделді. «Ақтөбе-Ұлғайсын» және «Қандыағаш-Шалқар»республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында да ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасуда.

«2024 жылы біз 480 шақырым жол жөндеп, стандартты жағдайдағы жолдардың үлесін 82%-ға жеткізу міндетін қойдық. Халықты толғандыратын тағы бір мәселе – қоғамдық көліктің жағдайы. Бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізілуде. Тек соңғы 2 жылда 180 жаңа автобус сатып алынды. Келесі жылы тағы 70 автобус сатып алу жоспарлануда, автобус паркі 90 пайызға дейін жаңартылады. Облыста ауданаралық көлік қатынасында біраз мәселелер бар.Жақында әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен «Хромтау-Ақтөбе» бағытындағы автобустардың жағдайын мысалға келтіруге болады. Бұл бағыттағы автобустар сонау 90-жылдары шығарылған. Шұғыл түрде автобустарды жаңаларына ауыстыру туралы шешім қабылданды», —
деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс әкімі қазіргі таңда облыстағы 315 ауылдың 236-сы немесе 94,2 пайызы мобильді интернетпен қамтамасыз етілгенін хабарлады. Келер жылы 10,8 мың тұрғыны бар 47 ауылды мобильді интернетке қосу жоспарлануда.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ