Асхат ШАХАРОВ: Үшжылдық бюджет біраз мәселені шешеді

Бүгін Ақтөбе облыстық мәслихатының кезекті VIII сессиясы өтіп, оның жұмысына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Сессия барысында қаралған 37 мәселенің маңыздысы – Ақтөбе облысының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті болды. Құжатты депутаттарға облыстық экономика және бюд­жетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов таныстырды. Баяндамада айтылғандай, республикалық трансферттерді қоспағанда келер жылы облыс бюджеті 433,2 млрд теңгені құрайды. Оның негізгі бөлігі (69%-ы) әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталған. Нұржан Мақсатов бизнесті дамытуға бөлінетін қаржы жалпы шығыстың 15,4%-ы екенін айтты.
Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлан Махамбетов бюджет жобасы халық қалаулыларының қарауына ұсынылғанын, тұрақты комиссиялар отырысында сан түрлі ұсыныстар берілгенін атап өтті. Әр сала бойынша дайындалған бюджеттік өтінімдерді қарағанда депутаттар бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын назарға алып, қатаң қадағалаған.
Одан кейін күн тәртібіне сәйкес, «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» және «Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары туралы»«Ақтөбе облысындағы көші-қон процестерін реттеу Қағидаларын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың шешімдеріне өзгерістер енгізілді.
Ақтөбе қаласының бағалау аймақтарының шекараларын және жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттері бекітілді.
Сессияны қорытындылаған өңір басшысы үшжылдық бюджет ең бастысы өңірдегі ең өзекті және маңызды мәселелерді шешуге жұмсалатынын алға тартты.
«Бүгін қаралған мәселелердің ішінде облыстық үшжылдық бюджеттің бекітілуі – ең маңызды мәселе. Бірнеше рет жан-жақты талқыланып, депутаттар ескертпе-ұсыныстарын жеткізді. Барлық сұрақ қамтылды деген ойдамын. Облыстың дамуына бөлінген қаржы өңірдегі өзекті әрі маңызды бірқатар мәселені шешетіні сөзсіз. 12 ауданды аралаған кезімде тұрғындармен кездесуде көтерілген проблемалар, өңірде бірнеше жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған нысандарды пайдалануға беру, экология және т.б. мәселелерді шешуге бүгінгі бекіген бюджеттен ақша бөлеміз деген жоспар бар. Сондай-ақ, Президент тапсырмасымен, облыстық драма театрдың жобасын әзірлеп, салуды көзделген. Қаржыны қоғам игілігіне бағыттай отырып, мақсатты жұмсау – басты міндет», – деген Асхат Шахаров мемлекеттік орган басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Д.АЙДАР.