«Ақтөбе құрылыс компаниясы» 540 үлескердің мәселесін шешуге көмектеседі 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында үлестік құрылыс мәселесін шешу жөніндегі шараларды іске асыру барысы талқыланды.

«Бұл – өңірдің өзекті мәселелерінің бірі», — деді жиынды ашқан Асхат Шахаров.

Барлық уәкілетті мемлекеттік орган өкілдері қатысқан отырыста Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет баяндама жасады.

Ақтөбеде жосықсыз құрылыс компаниялары 540-тан астам азаматқа жалпы сомасы 3,5 млрд. теңгеден астам шығын келтірген. Қазіргі таңда үлестік құрылыс нысандарының құрылысын аяқтауды қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Мәселен, қалалық әкімдік жанынан проблемалық объектілердің құрылысын аяқтау жөніндегі іс-шараларды жүйелеу және күшейту мақсатында «Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС құрылды. Қажетті мамандар қатары толықтырылуда. Сондай-ақ, құрамына жергілікті атқарушы және құқыққорғау органдарының өкілдері енген ведомствоаралық топ құрылды.

Дегенмен, Азамат Бекеттің айтуынша, бюджет қаражаты есебінен үйлердің құрылысын аяқтау үшін зардап шеккендерді тану және кінәлі тұлғаларды анықтауға қатысты сот шешімі қажет.

Бүгінгі күні Ақтөбедегі құрылысы аяқталмаған 11 проблемалық нысанның басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бес нысанға қатысты іс  сотқа жолданды, қалғандары бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 6 тұрғын үй кешенінің құрылысын инвесторлар аяқтайды.

Асхат Шахаров «Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС алдында үлкен міндеттер тұрғанын айтты.

«Ақтөбе құрылыс компаниясын» құрар кезде  «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС тәжірибесі зерделенді. Кәсіпорынды құрудағы мақсат – қанша жылдан бері құрылысы тоқтап қалған нысандарды пайдалануға беру, үлескерлер мәселесін шешу. Енді кәсіпорынның жоспарларын негізге ала отырып, Жол картасын әзірлеу керек. Міндетті түрде заңдылықтары сақталуы тиіс. Сондай-ақ, үлескерлермен кездесіп, қандай жұмыстар жасалып жатқанын түсіндіріп, мәселені олармен бірге шешу қажет», — деді өңір басшысы.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ