Ақтөбе облысында су тасқыны кезеңіне дайындық – қатаң бақылауда

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі бойынша жиын өткізілді. Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов іске асырылған және жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат берді.

Баяндамада облыс аумағында елді мекендерді қорғауға және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға бағытталған 90 іс-шара іске асырылғаны атап өтілді. Нәтижесінде ұзындығы 16 шақырым су тасқыны қаупі бар өзендердің түбі тереңдетіліп, жағалаулары нығайтылды, 46,6 шақырым арық пен канал тазартылды, 21 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды және жөнделді, сондай-ақ, 8,1 шақырым су бұру каналы мен 3,1 км нөсер кәрізі жабдықталды, автомобиль жолдарының учаскелерінде су өткізу құрылыстары орнатылды, 2 көпір салынды және 6 көпір қайта жаңартылды.

Сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді, жанар-жағармай, инертті материалдар қорлары мен қажетті техникалар әзірленді. Елді мекендерден қар шығару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда 48 мың текше метр қар шығарылды.

Биылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында ауа температурасы нормадан 2 градусқа жоғары, жауын-шашын мөлшері де нормадан жоғары болады деп болжануда.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі уәкілетті органдарға су тасқыны кезеңінен өту мәселесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Су тасқыны – жыл сайын қайталанатын мәселе. Су басу қаупі бар деген облыстағы елді мекендер, қала аумағындағы тұрғын үй алаптары белгілі. Немқұрайлы қарауға болмайды. Тиісті қаражат қала мен аудандарға бөлінді. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау керек», — деді Асхат Шахаров.

Д. АЙДАР