Ақтөбе облысында мектептер мен аулалардағы спорт алаңдарын жөндеу жұмыстары жанданады

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі бұқаралық спортты дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров салада атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар туралы баяндады. Жыл сайын өңірде 3500-ге жуық түрлі деңгейдегі спорттық-бұқаралық шаралар өткізіледі. Оған қамтылған 400 мың адамның 170 мыңы – ауылдық жерлерден.

2022/2023 оқу жылында қосымша білім беру бағдарламасы бойынша мектептерде 2,8 мыңға жуық спорт секциясы жұмыс істеген, оларға 84 мыңнан астам бала қатысыпты.

Сонымен қатар, спорт саласында тиімді шешімді талап ететін көптеген мәселе бар. Спорттық инфрақұрылым объектілерінің жетіспеушілігі проблемасын шешу мақсатында 2023 жылы облыста 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды және пайдалануға берілді, оның 13-і ауылдық жерлерде орналасқан.

«Бірқатар ілкімді жұмыс істелді. Спорт алаңдары, жергілікті жерлерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылуда, бұл жұмысты жүйелі жалғастыру қажет. Спорт басқармасына жаңа нысандардың құрылысы туралы толық ақпаратты қамтитын Жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептердің аумағында, көпқабатты үйлердің аулаларында орналасқан спорт алаңдарының 80%-ы жөндеуді қажет етеді. Спорт, білім басқармалары, жаңадан құрылып жатқан жастар басқармасы және басқа да жауапты мемлекеттік органдар осы бағыттағы жұмысты жандандыруы қажет», — деді Асхат Шахаров.

Жиын соңында облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, кемшіліктерді жою мерзімдерін белгіледі.

 

А.МӘЛІКҚЫЗЫ