ТАУСЫЛМАС ҚАЗЫНА

Қазақ отбасындағы ата мен әженің орны ерекше әрі қадірлі. Ата мен әже — отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-туманың да басын қосып отырады. Қарттарымыз бізге үлгі-өнеге көрсетер асыл жандар, қазыналы бұлақтың қайнар көзі ғой.
Ел бірлігін қамтамасыз ететін үш тұлға: ата, әке, немере. Өмірден көргені мен түйгені мол қариялар тәрбиелеген баланың ең алдымен тілі тез шығады. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі. Немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Отбасында бала тәрбиелеуде алатын орны ерекше — осы мейірімді әжелеріміз. Шоқан Уәлихановтың Айғаным әжесі,
Абай атамыздың Зере, Мұхтар Әуезовтің Дінасыл әжелеріміз — қазыналы бұлақтың көзі болған әжелер.
«Қарты бар үйдің — қазынасы бар», үлкендер таусылмас қазына ғой, жас ұрпақтың ол кісілерден үйренері мол.
Немере үшін ата мен әже ең жақын аяулы адамдар. Мен өз атамды көргенім жоқ. Бірақ әкемнің ағасын ата деймін. Мен туғанда сол атам мен үлкен мамам перзентханадан шығарып, үйге әкелген. Менің әрбір туған күнімде, сүндетке отырғызғанда, ауырып қалғанда да, тілашарымда атам мен үлкен мамам менің қасымда болады. Әжем әрдайым менің тәрбиеме де үлесін қосып келеді. Ол өз өмірінен мысалдар айтып, тәрбиелеп отырады.
Нағашы атам мен әжем де менің өсуіме үлесін қосуда.Мен балабақшаға жасым жеткенше екеуі кезектесіп бақты. Олар менімен үнемі әңгімелесетін. Атам мен әжем менімен үлкен адамша сөйлесіп, әңгіме-дүкен құратын. Әр мейрамда әсіресе Наурызда нағашы әжем көже асып, немерелерін жинайды. Жасқа толдың деп, сыйлық береді.
Мен өз ата-әжелерімді жақсы көремін. Олар біздің тек қана жақсылығымызды көріп, қызығымызға тоймай жүре берсін деп тілеймін.

Айсұлтан АЙДАШЕВ,
№33 орта мектептің 4-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы.


ҚАСІРЕТ ПЕН ҚАСИЕТ

Қазақ — өзінің бүгінгі күнін өзі қалыптастырған халық. Біздің өмір сүрген тарихымыздың қойнауында көрмеген қорлық, бастан кешірмеген қиындық қалмады. Оларды тізіп отырсақ, «Расымен де, осының барлығын бастан өткерген қандай қасиетті халықпыз!?» деп қайран қаласың. Екінің бірі шыдай бермейтін алпауыт күндердің сынағы тек соны көтере алатын жұртқа беріледі деп есептеймін. Қазақтың қаны қасиетті, рухы биік. Соның арқасында ғана бүгінгі таңда өткеннің олқылықтарына қарамай, «қазақпын» деп басымызды тік көтеріп жүрміз. Рухымыз биік, мақсатымыз айқын.
Бүгінгі қазаққа керегі қасірет емес, қасиет. Яғни біз өткен күнімізде еңсеретін қиындықты еңсеріп болдық. Әрең дегенде үлкен күшпен бүгінгі күнімізге қол жеткіздік. Ендігі біздің мақсатымыз — ата-бабаның еңбегін бағалай отырып, бойымыздағы асыл қасиетті сақтау және жаңғырту. Жыл емес, сандаған ғасырлар бойы көрген қасіреттің қасиетін танытатын кез келді. Ал сол қасиеттің басты
негізі — парасаттылық. Парасатты ұлттың болашағы жарқын. Ал осы «парасаттылық» деп отырғанымыз не?
Менің түсінігімде, ол — негізгі құндылықтарды биік ұстай отырып, тек қана алға ұмтылу, даму. Елбасымыз айтқандай, «қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман». Сені оқ бойы озық етіп көрсетіп тұратын — сенің білімің ғана. Бірақ білімің болып, бойыңда сол білімді лайықты түрде ұстап тұратын мінезің мен тәрбиең болмаса, ол дүниеден не пайда? Асыл қасиет мінезден, тәрбиеден келеді. Сол себепті әр қазақтың бойында ең бірінші кезекте ұлтты, тарихты, тілді сүю қасиеттері болуы қажет. Тарихты жүрегімен ұғынған жан ұлтын сүйеді, ал ұлтын сүйген жан шын жанашыр болып, елін тек алдыға жетелеймін деп ұмытылады.
Жаңбырдан кейін міндетті түрде күн шығады. Сол секілді біздің де ұлтымыздың көрген қиын күндерінен кейін ендігі кешетін жарқын болашағымыз алыс емес. Барлығы тек өз қолымызда. Мәңгілік елге айналғысы келетін елдің азаматы саналы, биікке ұмтылған, ұлтын сүйген болуы керек. Бүгінгі қазаққа керегі – қасірет емес, қасиет.

Гүлсезім ЖАНДІЛДА,
№78 орта мектептің 11-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы.


БІРІНШІ БАЙЛЫҚТЫ ЖОҒАЛТПА!

Бірінші байлық — денсаулық. Бұны қазақ халқы ерте кезден бастап айтқан.
Ал деніміздің саулығы өмір сүруіміздің маңызды бағдары болмақ. Дені сау адамның көңіл күйі қашанда қуанышты, жайдары болары анық.
Күнделікті таңертеңгі жаттығу мен дұрыс тамақтану —
денсаулығымыздың кепілі. Спортпен тұрақты түрде шұғылданған адамның бойы сергек, ойы ұшқыр болып келеді. Көңілі жайланып, болашаққа барар қадамды нық басып, мақсатын орындау жолында нақты талпыныстар жасай бастайды.
Қазір біздің Ақтөбе қаласында спортпен шұғылдануға мүмкіндіктер мол. Зәулім спорт кешендерін айтпағанда,
кез келген көп қабатты үйлердің алдында шынығуға қолайлы спорттық жабдықтар бар. Ерте тұрып жүгіру, турникке тартылу тәрізді дене шынықтырулар жасауға болады.
Бірінші байлықты — денсаулықты бала кезден күтудің пайдасы көп екенін білген балалар осындай мүмкіндіктерді құр жібермеуі керек деп ойлаймын.
Бекназар САПАРБЕК,
№45 орта мектептің оқушысы.
Ақтөбе қаласы.


ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан — туған жерім, тірегім,
Бәрі сені білсе екен деп тіледім.
Табиғатты түсінбейтін жандар бар,
Тау, тасыңды мақтан етіп жүремін.

Қазақстан — Ер Түріктің мекені,
Әр өңірің сиқырлы сыр шертеді.
Туған елім, күннен-күнге өсе бер,
Әрбір күнім бола берсін ертегі.

Асылай ҚАЙЫРЖАН,
№2 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы.


КҮНДЕЙ АРАЙЛЫ

Көзі күндей арайлы
Жүзінен нұр тарайды.
Әжем мені ертегі
Кейіпкері санайды:
Тау көтерген Толағай,
Алпамысқа балайды.
Он үш жасқа келсем де,
Жас сәбидей қарайды.
Жуып беріп бетімді,
Кекілімді тарайды.
Асық-дойбы бірге ойнап,
Дос болуға жарайды.
Әттең, қолдың қысқасы-ай,
Қуантуды қалайды.
Алтын тастан соғылған
Сыйламақшы Сарайды.
Тілеуімді тілеумен
Өткізеді әр айды.
Мен жарысқа барарда
Алды-артымды орайды;
Қол жайғызып, шығарда
Ақ батасы борайды.
Келгенімше бір жақтан
Сағаттарды санайды.
Дәл осындай әжем бар
Үйде аппақ самайлы!

Әділет ТЕМІРХАН,
Сарыжар орта мектебінің 8-сынып оқушысы.
Мәртөк ауданы.


ТУҒАН ЖЕР

Оттан да ыстық Отаным,
Өзіңсің менің жыр-әнім.
Қанаты әлі қатпаған,
Мен болам бала қыраның.

Өзен-көлің ,тау-тасың,
Бәрі де ыстық, бәрі де.
Өзіңе арнап, туған жер,
Жыр жаза берем әлі де.

Бөлеген жырға жанымды,
Рақмет саған, туған жер!
Құлындай шауып ойнаған,
Жүгіріп сағым қуған жер.

Еселеп әлі қайтарам —
Қарызбын саған, білемін.
Сеніммен оны айта алам,
Мақтан қып мәңгі жүремін.

Өзіңнен жырақ кетсем де,
Мен саған өзге емеспін.
Оралам саған, жылы ұям,
Өзіме мәңгі керексің.

Әділет ЕЛЕУОВ,
Ш.Берсиев атындағы орта мектеп кітапханасының жанындағы «Жас тілшілер» клубының мүшесі.
Ойыл ауданы.


БІЗ БАҚЫТТЫ БАЛАМЫЗ

Біз қазіргі бақытты балалармыз,
Мектепте жақсы білім ала аламыз.
Абай ата күткендей, бұл өмірге
Керекті кірпіш болып қаланамыз.

Әсем ЖҰБАНИЯЗОВА,
Қызылжар орта мектебінің 7-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы.


БІЗДІ ӨСІРДІ АЯЛАП…

Болмай қалса жаныңда,
Жылы сөзін сағындық.
Қымбатты жан ата-әжем —
Базарғали, Жаңылдық.

Үлгі-өнеге берерлік,
Жақсы істерің жетерлік.
Өздеріңе бас идім,
Сөзсіз кәміл сенерлік.

Өсірді олар мәпелеп,
Бар уақытын аямай.
Ақ атам мен әжемді,
Өтермін мен аялай.

Жаннұр БАЗАРҒАЛИЕВА,
Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы.


АНА

Барлық әлем біледі,
Кім екенін ұғынар:
Алақаны жұп-жұмсақ,
Көзінің от, нұры бар.

Ауырғанда қысылып,
Әрбір сөзі дем болар.
«Айналайын» дегені
Шипа болар, ем болар.

Ол қасыңа келгенде,
Үй шаттыққа толады.
Саусақтары сиқырлы
Бәрі дайын болады.

Әлпештейді баласын,
Әр қимылы — жарасым.
Бір қолымен бесікті,
Бір қолымен әлемді
Тербететін анашым.

Әлішер АСАНОВ,
Ш.Құдайбердіұлы атындағы №66 мектептің 5-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы.