СӘНІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ

Сәнім Алтаева — волейбол бойынша Хромтау ауданынан шыққан тұңғыш Қазақстан спорт шебері.

Қазақстан үшін волейбол ойыны бойынша жеңісті де жемісті кезең — өткен ғасырдың 60-70 жылдары. 1969 жылы спорт шебері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Октябрь Жарылғаповтың «Буревестник» ерлер командасы тұңғыш рет КСРО-ның чемпионы атанды, 1970-1971 жылдары Еуропа чемпиондарының кубогын жеңіп алды. Бірақ сол дүрілдеген даңқ бертін келе көмескілене бастады.
Спортшыларымыз еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жаңа табыстарға жетті. 1993 жылы «Азамат» волейбол командасы Азия чемпиондары кубогының жеңімпазы атанса, 1993-1997 жылдары Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары Орталық Азия ойындарының екі дүркін чемпионы ретінде танылды. 2004 жылы
«Рахат — ЦСКА» ерлер клубы Азия кубогын қанжығасына байлады.
Осындай жетістіктерден кейін спорт саңлақтарының ізін жалғауға ұмтылған жас буын тәрбиелене бастады.

* * *
Бүгінде Хромтау ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейбол ойынын жетік меңгергендердің қатары қалың. Әңгімемізге арқау болып отырған Сәнім Алтаева — аталған мектеп түлектерінің бірі.
Ол 1996 жылы Хромтау қаласында дүниеге келген. Мектепте оқып жүрген кезінде волейболмен әуестенуі жай ғана қызығушылықтан басталған.
— Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде құрбым волейбол секциясына қатысуды ұсынды. Мен де бас тартпадым. Алғашқы кезде оған спорт ретінде емес, ойын секілді қарадым. Бірақ уақыт өте келе ол менің өмірлік кәсібіме айналды, — дейді ол.
Сәнім аудан намысын қорғауды мақсат еткен команда сапында жарқын ойын өрнегін көрсетіп жүрді. Команда Атырау, Қарағанды, Орал қалаларында өткен чемпионаттарда үздік үштіктің қатарынан көрінді, Қазақстан Республикасы Жоғары лигасының чемпионы атанды. Сондай спорттық додалардың барысында әр қимылды уақытында, ұтымды іске асыра білетін Сәнімге кәсіби клубтардың назары түсе бастайды. Олар дарынды ойыншыны өз командаларына шақырады.
— 2013 жылы Қарағанды, Петропавл қалаларының кәсіби клубтарынан шақырту алдым. Ата-анаммен ақылдаса келе Қарағанды клубына қосылуға шешім қабылдадым. Біз Хромтау қаласындағы спорт мектебінде күн сайын жаттығатынбыз, бірақ клубтағы дайындық шаралары әлдеқайда қиын болып шықты. Күніне үш рет жаттығып, үздіксіз шыңдалатын едік. Жазда шет- елге оқу-жаттығу жиындарына баратынбыз. Күн тәртібінде жүгіру, жаттығу залында шынығу болды. Уақыт өте келе волейбол ойнаудың түрлі әдістерін меңгердік. Күніне бес сағатты жаттығуға арнап жүрдік, — дейді спортшы қыз.
Кейіпкеріміз 2014 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Жоғары оқу орнында білім алумен қатар, жарыстарға қатысуын жалғастырады. Шымкент қаласындағы спартакиадада І орынды жеңіп алып, ҚР спорт шебері атағына ие болды. Волейболдан Қазақстан құрамасына қабылданып, Қытайда өткен жарыста 14 команда арасынан VI орынды иемденеді.


* * *
Бүгінде Сәнім өзі түлеп ұшқан спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ол спортқа құштар шәкірттерін жарыстарға дайындап, өзінің мол тәжірибесімен бөлісуде. Оның командасы — облыстық жарыстардың чемпиондары. Жас спортшылар ел чемпионатынан жүлделі орындарды иеленіп жүр.
— 2019 жылы жарақат алып, волейболмен кәсіби түрде шұғылдануды тоқтаттым. Бір жылдан кейін Хромтау қаласына оралып, балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда 2010-2011 жылдар аралығындағы қыздарды жарыстарға даярлап жатырмын. Мақсатымыз — Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңіске жету, — дейді ол.


Ж.ӨТЕУЛІ.