ҚҰНДЫ ҚҰЖАТТАРДЫҢ «ҚОЙМАСЫ»

Ұлттық байлық — құнды құжаттар, өңіріміздің тарихы, сондай-ақ белгілі тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты жәдігерлерді, жалпы тұрғындар жайлы мәліметтерді жинақтап отырған облыстық мемлекеттік архиві таяуда ғасырлық тойын атап өтті. Ақтөбедегі байырғы мәдениет мекемелерінің бірі бұл атаулы датаға үлкен материалдық-техникалық база, майталман мамандар һәм құнды мұрамен жетті. Осы орайда соңғы жылдары мұндағы жазба деректерді жаппай цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Өйткені өңірдегі мұрағат қызметіне жүгінушілердің арасында шетелдіктер де кездеседі екен, ал олар қалаған мәліметін ғаламтор арқылы алуға құлықты.
Әлқисса…

100 жылдық жол

Ақтөбе облысында архив ісі 1923 жылдың 15 қыркүйегінде губерниялық архив бюросының құрылуынан бастау алады.
Бірақ 1930 жылдың желтоқсан айында Ақтөбе округтік архив бюросын таратып, мұнда сақталған деректі материалдарды Қазақ АКСР-ның Орталық архив басқармасына жолдау жоспарланды. Дей тұрғанмен, түрлі себеппен құжаттардың уақтылы жіберілмеуіне байланысты архив жабылған жоқ, Ақтөбе округтік архив бюросы базасында Ақтөбе қалалық архив бюросы құрылды.
1932 жылғы 10 желтоқсанда төменгі кеңестік аппараттардың, кеңшарлардың, ұжымшарлардың және МТС-ның деректі құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында аудандық архивтерді ұйымдастыру туралы қаулысы шықты. Ақтөбе облысының Темір, Шалқар, Жұрын, Қобда, Қарабұтақ, Родников, Мәртөк, Ключевой, Степной, Ойыл аудандарында, Ақтөбе қаласында қалалық архив ұйымдастыру жоспарланды.
1936 жылға дейін Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві партия ұйымдарының құжаттарын жинақтап, сақтады. 1936 жылы партия ұйымдарының барлық құжаттары жаңадан ұйымдастырылған Қазақстан Коммунистік партиясының Ақтөбе облыстық комитетінің партия архивіне тапсырылды.
Ұлы Отан соғысының басталуымен Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің басым бағыты деректі құжаттарды фашист басқыншыларынан Отанды қорғау мақсатында жан-жақты пайдалану және майданға жан-жақты көмектесу болып белгіленді.
1944 жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында облыстық архив қызметкерлерінің иығына архивтерді тұрғылықты сақтау жерлеріне  қайта эвакуациялау жүгі артылды. 20-дан аса архивтік мекеме құжаттарымен бірге бұрынғы тұрақты жерлеріне қайтарылды.
Облыстық мемлекеттік архивтің қызметкерлері Ұлы Отан соғысы кезінде жоғары еңбек өнімділігін көрсетті және республикада бірінші орынға ие болды.  1943 жылдың ақпан айында Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіне Қазақ КСР-сы ІІХК-ның ауыспалы Қызыл Туы тапсырылды.
1943 жылы аудандық архивтер Ақтөбе облысының барлық ауданында ұйымдастырылды.
Құжаттарды қабылдаудың көбеюі және сақтауға арналған ғимарат бөлмелерінің аздығына байланысты мемлекеттік архивке құжаттарды сақтауға неғұрлым жарақты және аумағы жөнінен үлкен ғимарат бөлінді. Бұрын бұл ғимаратта қалалық Пионерлер үйі орналасқан еді.
1950 жылдың 1 қаңтарына облыстық мемлекеттік архив сақтауында 84 903 сақтау бірлігін біріктірген 1 108 қор есепте болды.
1958 жылы Қазақ КСР-ның мемлекеттік архивтері микрофотокөшірме және деректі құжаттарды қалпына келтіру зертханасымен жабдықтала бастады. Осы мақсатта 1959 жылы Қазақ КСР-ның ІІМ-нің Архив басқармасымен Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві жанынан Ақтөбе, Гурьев және Қызылорда облыстарына қызмет ететін бөлімшелік микрофотолаборотория ұйымдастырылды. Лаборатория жоғары өнімділікті УДМ-2 қондырғысымен жабдықталды, онда микрофотокөшірме тәсілімен құжаттарға көшірме жасау арқылы сақтандыру қоры жасалынды.
1962 жылдың қыркүйек айында алғаш рет құжаттардың сақтандыру көшірмесі мемлекеттік архивке қабылданды. Сақтандыру қорының жасалуымен қатар, құжаттардың түпнұсқасын сақтау мақсатында пайдалану қорының жиынтығы даярланды.
1960-1970 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде аса құнды құжаттардың көшірмелерінің сақтандыру қоры бойынша 13 026 дана іс жасақталды.
1963 жылы Ақтөбе қаласы Лачугин көшесі, 2-үйде облыстық мемлекеттік архив үшін жобалық күші 240 мың сақтау бірлігімен көлемі 571 шаршы метр жаңа үлгідегі ғимарат салынды.
1987 жылы облыстық мемлекеттік архивтің ұжымы жетістіктері үшін Қазақ КСР Бас Архивінің Құрмет Грамотасымен марапатталды, республикалық социалистік жарыстың қорытындысы бойынша облыстық мемлекеттік архив республика бойынша 3-орынды иеленді.
Ақтөбе қаласы әкімінің 1997 жылғы 28 наурыздағы №346 шешімімен жеке құрам бойынша қалалық архив функциялары мен өкілеттігін, 90 қорды (27 037 сақтау бірлігі) Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіне бере отырып таратылды.
Тәуелсіз Қазақстанның барлық архив саласының дамуындағы елеулі оқиға 1998 жылы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы болды. Заңның қабылдануымен архив саласы мемлекеттік қызметтің дербес саласы ретінде заңды түрде рәсімделді. Аталған Заң қоғам мен мемлекеттің мүдделері, сонымен бірге Қазақстан Республикасында архив ісін мемлекеттік басқару үшін құжаттарды жинақтау, сақтау, мемлекеттік есепке алу және сақтау мақсаттарын орындау үшін құқықтық база қалыптастырды.
1999 жылдың 8 желтоқсанынан облыстық мемлекеттік архивінің директоры лауазымына Қалила Мирманова, 2010 жылдан бастап Нұржамал Құлбаева, ал 2016 жылдың 15 тамызында Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің директоры қызметіне Марат Төлебай тағайындалды.
Осы кезеңдерде архивтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және облыстық, аудандық архив қызметкерлерінің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауға, мемлекеттік және ведомстволық архив қызметкерлерінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруды ұйымдастыруға көп көңіл бөлінді.

Бүгінгі тыныс

— Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік архивте 48 қызметкер еңбек етеді. Мұнда 711 523 сақтау бірлігін қамтыған 1 626 қор сақталып тұр.
Архивте құрамы бойынша сан алуан құжаттардың жиынтығы Қазақстан тарихын зерттеушілердің назарын аударады. Жыл сайын орта есеппен 250 зерттеуші, олардың арасында Ресей, Украина, Германия, Франция,
Жапония, Италия, Австралия және басқа алыс-жақын елдердің зерттеушілері оқу залында жұмыс істейді.
Архивтің қызметінің маңызды бағыттарының бірі — жеке және заңды тұлғалардың сұраныстарын орындау.
Орта есеппен жылына тақырыптық, шежірелік және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы 6 мың сұраныс орындалады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін енгізу аясында Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде 2020 жылдың қарашасынан бері құжаттарды Ұлттық Архив қорға цифрлық форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2020 жылдың маусым мен желтоқсан айлары аралығында облыстық мемлекеттік архиві орналасқан Ағайынды Жұбановтар көшесі №255 үйдегі ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық жұмыс бөлмесі, ғимараттың қасбеті толық жаңартылды. Болашақта облыстық архивке 8 мың шаршы метрлік жаңа ғимарат салынады деген жоспар бар. Қазіргі таңда ғимараттың жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр, — дейді облыстық мемлекеттік архивтің директоры Марат Төлебай.
Облыстық мемлекеттік архивте жеке тектік 39 қор және қор бойынша құжаттардың 7 топтамасы бар: «Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға қатысушылар», «Ақтөбелік Кеңес Одағының Батырлары», «Ұлы Отан соғысының қатысушылары», «Еңбек ардагерлері», «Социалистік Еңбек Ерлері», «Ақтөбе облысының спорт майталмандары», «Ақтөбе облысының интернационалист жауынгерлері».

Атаулы дата қалай тойланды?

Биылғы 17 қарашада облыстық мемлекеттік архивтің 100 жылдық мерейтойы аясында «Архив — ел тарихының шежіресі» салтанатты шарасы мен «Тарих және архив: тың деректерді анықтау және зерттеу мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді.
Атаулы датаға орайластырылған шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Асхат Шахаров, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Түркістан, Ұлытау қалаларының орталық архивтерінің басшылары, жалпы сала мамандары қатысты.
«Ақтөбе облысының архивінің жетістіктері» және «Шетелдік архивтердегі құнды құжаттар» атты көрмелер де ұсынылды.
Сонымен қатар архивтегі құжаттар мен материалдар негізінде жинақталған «Ұлы Отан соғысының тарихынан 1941-1945 жж.» және «Ақтөбе облысының мемлекеттік архивіне — 100 жыл» кітаптарының таныстырылымы болды. Артынша облыстық мемлекеттік архиві құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейінгі бүкіл даму жолын баяндайтын «Архив – ел тарихының шежіресі» бейнефильмі көрсетілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.