Ақтөбе облысында былтыр 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1637 жобаға қолдау көрсетілген. Оның 23 пайызы – аудандарға тиесілі. Ал шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген қаржы көлемі 14,2 млрд.теңгені құрады.
Өңір басшысының төрағалығымен өткен отырыста баяндама жасаған кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев шағын және орта бизнес саласында Ақтөбе облысының өңірлер бөлінісінде мемлекеттік қолдау көрсетілген жоба саны бойынша үздіктер қатарында тұрғанын айтты. Бұған «Ауыл аманаты» жобасының да тигізген әсері бар.
2023 жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту жөніндегі өңірлік бағдарлама іске қосылды. Жалпы сомасы 2 млрд. теңге қаржы Хромтау моноқаласының кәсіпкерлеріне кредит ретінде беріледі. Қаржыландыру облыстық бюджеттің аралас қаражаты, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Қазхром ТҰК» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда Хромтауда 1,1 млрд. теңгеге 53 жоба мақұлданды.
2024 жылдың 1 қаңтарында тіркелген дерекке сүйенсек, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5%-ға артып, 83,8 мың бірлікті құрады.
Өндірген өнім көлемі былтырғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 1,5 трлн теңгеге жеткен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 1,2 трлн.теңге болды. Салада 172,7 мың адам қызмет етіп жүр.
Алмас Салықбаевтың сөзінше, биыл қонақ үй кешені, супермаркет, сауда үйі, жартылай фабрикаттар өндіру цехы, ТҚҚ және көлік жуу қызметін ұйымдастыру, спорт кешендерін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жиында облыс әкімі Асхат Шахаров бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға жаңа өзгерістер енгізіліп жатқанын, оны кәсіпкерлерге түсіндіру қажеттігін алға тартты. Салаға жауапты басшылар шағын және орта кәсіпті дамыту бағытындағы белгіленген межені орындап, жұмыстарды күшейтуі тиіс.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті