Үш мың асықтың иесі

Ақтөбелік Ерболат Қуанышевтің шеберханасында 3 мыңға жуық асық бар. Он екі жылдан бері асық жинауды әдетке айналдырған ол қазір сүйектен түрлі бұйымдар да жасайды. Кейіпкеріміз жиналған асық саны бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енуді жоспарлап отыр.

Көрпедегі кәсіп

Ерболаттың мамандығы — құрылысшы. Әйтеке би ауданының Көрпе ауылында туып-өскен ол отбасымен жиырма жылдан бері қалада тұрады. Десек те Ерболат ауылдан бір сәт те қол үзген емес. Шаруашылығы бар, мал өсіріп отыр.

— Көрпе — Қарабұтаққа жақын орналасқан шағын ауыл. Ауылдағы шаруашылықта,негізінен, ірі қара өсіріледі. Шаруашылық ашылған он екі жылдан бері асық жинауды әдетке айналдырғанмын. Өйткені малдың дені ағайындарымызға, айналамызға сойылып, сатылады. Қазір шеберханамдағы асық саны 3 мыңға жетіп қалды. Соған қарағанда 1500-дей мал сойылған-ау шамасы, — деп Ерболат күле жауап берді.

Асық жинау — Ерболаттың хоббиі. Ол асықтан, жалпы сүйектен түрлі бұйымдар да жасайды. «Басында асық жинағанда ешқандай мақсат болған жоқ еді», — дейді шебер.

Қой асығы демеңіз…

Мүйізден жасалған садақ, ірі қараның ортан жілігінен жасалған қолшоқпар, мал сүйектерінен безендірілген түрлі аспашамдар мен асықтан жасалған кәдесыйларды Ерболаттың шағын шеберханасынан көруге болады. Қызыққандар осы жерде суретке де түседі екен.

— 2017 жылы ЭКСПО-ға баруға дайындалдым. Маған халықаралық көрмеге қатысуға қағаз да келді. Онда бір шаршы метр аумақ берілетіні жазылған. Осы көрмеге асықтан бұзаулы сиырдың мүсінін жасауға бел буғаныммен, уақыт тым тығыз болды. Оның үстіне асығымның саны да аз болды. Әрине, бастапқыда асықты арнайылап жинайын деген ой болған жоқ. Саны көбейе бастағасын, одан ерекше бір туынды жасағымыз келді.Қазір интернеттен асықтан жасалған түрлі бұйымдарды көріп жүрмін. Әсіресе кішкентай асықты жинаушыларды көп көргенмен, үлкен асық жинайтындардың қатары көп емес. Ірі қараның асығын яғни топайды жинайтындар еліміздің батыс аймағында жоқ, ол анық, — дейді кейіпкеріміз.

Ерболаттың қолөнерден хабары бар. Оның айтуынша, уақ малдың асығынан түрлі мүсіндер жасау жеңіл әрі оңай.«Кішкентай асықтан түрлі бұйымдар жасай беруге болады. Өйткені мүсіннің сұлбасын келтірген уақытта да мұндай асықтан жасаған кез келген туынды қозғалтуға, бұруға икемді келеді. Ал үлкен асықты пайдалану арқылы жұмыс жасауда өзіндік қиындықтар болады», — дейді Ерболат.

Шыбықтан жасалған шам

«Жеті ырыс», «жеті қазына», «жеті ұрпақ», «жеті ата» сияқты халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы түсінікті қолөнерші жілікке, сираққа жазып, шеберхана қабырғасына әсемдеп ілген.

— Осындай бұйымдарды сәндік үшін жасаймын, ешкімге сатпаймын. Әрине, сұраушылар болады, тапсырыс берушілер де бар. Мәселен, аспашамға тапсырыс берген адам оны өзінің кеңсесіне ілетінін айтты. Оны сиырдың қабыртқаларынан, жылқының шыбығынан жасаймын. Жауырын, бел омыртқа, сабақты омыртқа, ортан жілік те бұл туындыны жасау барысында пайдаланылады. Асығымның саны көбейгесін, ойымызға ой келіп, сүйектен түрлі бұйымдар, мүсіндерді бос уақытымда жасап жатқан жайым бар, — дейді шебер.

Топай және тазартылған асықтар

— Кішкентайымыздан асық ойнап өстік. Асықты тазартудың да өзіндік әдісі бар. Мал сою барысында асықты бұзып алғаннан кейін бірден мұздатқышқа саламыз. 40-50 асық жиналғаннан соң мұздатқыштан алып, бірден қазанда 3-4 сағат қайнатамыз. Су бетіне майы шығып, әбден қайнаған асық кейін ыдыс жуатын қоспамен жуылады. Әбден кепкен асық жылтырап шыға келеді. Бастысы, біз қайнатып береміз, әрі қарайғы жұмыстарды балалар тындырады. Асықты қайнатудың да өз уақыты, реті бар. Асықтың бойындағы шандырлар кету керек. Ол қайнатқанда ғана оңай сыпырылады.  Егер асықты қайнатпай тастай салсаң, уақыт өте келе ол қарайып кетеді, — деді Ерболат.

Оның жинаған асықтарының арасында қынамен боялғандары да бар.

Төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек — асықтың да түр-түрі бар. «Жалпы қой, ешкі, сиырдың асығы үлкен-кішілігіне қарамастан, бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал жылқы асығы бұларға ұқсамайды, басқа формада болады. Кезінде өзіміз де асық ойнап өстік. Асықпен «Ханталапай», «Үш табан», «Шеңбер» сияқты түрлі ойындар ойналады. Әрине, асық ойнағанда оның сыртқы пішіні үлкен рөл атқарады», — дейді кейіпкеріміз.

Ерболаттың жиған асықтарының арасында топай да бар. Бұл — тайынша асығы.

«Асықтың да асығы бар. Ірі асықтар болады. Мәселен, 300-350 келі тартатын малдың асықтарын да көрдік. Мұндай малдың асығы қарапайым ірі қараның асығына қарағанда әлдеқайда көлемді келеді», — деді ол.

Мүйізден жасалған садақ

Қолөнершінің шеберханасында көз тоқтатып қарайтын тағы бір бұйым —  қолшоқпар. Ірі қараның ортан жілігінен жасалған мұндай қолшоқпарды ол кейбір мұражайлардан көруге болатынын айтады.

— Бұрын батырларымыз сүйектен жасалған шоқпарды пайдаланған ғой. Былайша айтқанда, бұл — еретеректе қолданылған қарудың бір түрі. Салмақтың бәрі — басында. Ортан жілік те қайнатылып, тазартылады, содан соң боялады. Қолшоқпарға тағылған жіптің өзі — табиғи өнім. Қайыстан жасалды, — деді ол.

Ерболат ірі қараның бар сүйегін кәдеге жаратуға тырысады. Мүйіздің өзін іске асырып отыр. Оның шеберханасында мүйізден жасалған түрлі бұйымдар бар. Соның бірі — қос мүйізден жасалған садақ. Бұл сәндік бұйымды жасауға шебер аса көп уақыт жұмсамаған. Қазіргі күні екі мүйіздің біріктірілген жерін былғарымен қаптау жұмыстары ғана қалып тұр.

— Мүйізді алудың да реті бар. Бастың түбінен арамен кесіп аламыз. Пайдаға асыратын мүйіздерді жаз айларында жинаймыз. Бұл — мүйіздің ішін тазартуға қолайлы шақ. Сойылған малдың мүйізінің ішіне ет, өкпе, бауыр салып, әуелі шірітеміз. Әбден шіріген, түбіне құрт барғаннан кейін мүйіз қуыстары түгел тазартылады.Мүйізді күн көзіне тастауға болмайды. Сырты қақталып кетеді. Дайын мүйізден сусын ішетін ыдыс, түрлі кәдесыйлар жасауға болады. Мүйізден жасалған дайын бұйымның сыртын ою-өрнек салатын арнайы мәшенке арқылы безендіріп,бояймыз, — деді ол.

Шебердің шеберханасында жақ сүйектер де іске асырылған. «Жағың түспей жамандық көрме» деген даналық сөз жазылған жақ сүйек — кім-кімнің де көз тоқтатып қарайтын сүйектен жасалған бұйымы.

P.S. Бүгінде миллиондаған көрерменнің сүйікті жобасына айналған «Қазақстан барысы» турнирі — ұлттық құндылықтардың тоғысқан арнасы. Ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырудағы маңызы зор жоба — «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық кезеңінде бозкілемге шығатын палуандарға жеребе тарту үшін Ерболат Қуанышевтің нөмірленген асықтары үнемі пайдаланылады. Сыртында «Қазақстан барысы» жазуы бар арнайы қоржын мен реттік сандар тізбектелген асықтардың биылғы турнирдің де ажарын айшықтай түсеріне сенім мол.

 Арайлым НҰРБАЕВА.