Ақтөбе облысының полицейлері қар құрсауында қалған 68 шетелдікке көмектесті

Ақтөбе облысының полицейлері қар құрсауында қалған шетелдіктерге көмектесті.

7 ақпанда Ақтөбе облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері «Самара – Шымкент» автожолында қолайсыз ауа райы жағдайында күшейтілген патрульдеу кезінде түнгі уақытта қарлы боранның салдарынан жолда қалған автобусты анықтады.

Тәжікстаннан Ресей Федерациясына бағыт алған автобустағы ақауға байланысты Хромтау қаласының Ақжар ауылының маңында істен шыққаны белгілі болды. Қазақстан Республикасы азаматының басқаруындағы автобуста Тәжікстан Республикасының 68 азаматы, оның ішінде 14 әйел адам мен 4 кәмелетке толмаған бала болды. Патрульдік полиция жасақтары Ақжар ауылдық округі әкімімен бірлесіп, екі сағаттан астам уақыт бойы өз күшімен жолда қалған жолаушыларды эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп, оларды үш шақырым қашықтықтағы жол бойындағы кемпингке жеткізді. Мұнда олар жылынып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
– Эвакуацияланған тұлғалардың ішінде медициналық көмекке мұқтаж адамдар болған жоқ, – деп атап өтті полицияда.

Ақпарат көзіPolisia.kz