Өңірлік коммуникациялар қызметінде қарлы боран салдарынан туындаған
жағдайға байланысты баспасөз мәслихаты өткізілді. Бүгінгі жайды баяндаған іс-шараға Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекет және «Aqtobe su-energy group» АҚ бас инженері Амангелді Боранқұлов, «Энергосистема» ЖШС бас директоры Ержан Жексембинов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев қатысты.
— Қаламыздағы ауа райының қолайсыздығына байланысты жалпы жағдай тұрақтала бастады. Көшелердегі қар тазалау жұмыстарына коммуналдық мекемелердің 293 техникасы жұмылдырылды. Жұмыс күшейтілген режимде жалғасып жатыр. Шатырларды жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Қазіргі таңда қалаға қарасты тұрғын алаптары мен бау-бақша ұжымдарында Жарық беру және сумен қамту мәселелері әлі де бар, — деді қала әкімі Азамат Бекет.
«Aqtobe su-energy group» АҚ бас инженері Амангелді Боранқұловтың айтуынша, ауа райының бұзылуына байланысты сумен қамту мәселесінде де кемшіліктер болды.
— Қайта қалпына келтіру жұмыстары күні-түні атқарылды. Біздің мамандардың қатысуымен біраз кемшіліктер жойылды. Бүгінде барлық насос, су желілері жұмыс істеп тұр. Насос іске қосылғанымен, гидравликалық қысым маңызды. Қалпына келу үшін бірнеше сағат керек. Қала бойынша көпқабатты 35 үйге су жетпей тұр. Бүгін кешке дейін барлығы реттеледі, — деді бас инженер Амангелді Боранқұлов.
Сондай-ақ оның айтуынша, Ақтөбе қаласында негізгі үш су тоғаны бар. Олар: қаладан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Құдақтықыр, 41 разъезд жақтағы Тамды және төменгі Қалғалы су қоймасы. Сол үш су тоғанының екеуінде жарық сөніп, су беру қиындаған. Қанша ауылдың, қанша абоненттің сусыз отырғаны нақты айтылмады.
Ал «Энергосистема» ЖШС бас директоры Ержан Жексембиновтің айтуынша,
облыс бойынша 35 бригада тәулік бойы қызмет атқарып жүр.
— 20 бригада аудандарда қызмет көрсетіп жүр. Мамандар қарлы боран салдарынан жарығы сөнген кейбір ауылдарға жете алмаған болатын, қазіргі таңда сол ауылдардағы ақаулар жөнделіп жатыр. Ал 15 бригада қала бойынша шағымдардың барлығын таңғы сағат алтыға дейін қалпына келтірді, — дейді Ержан Жексембинов.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараевтың айтуынша, қазіргі таңда облыстың жылыту пункттеріне 819 адам орналастырылған.
— Жолда қалған жолаушыларды эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Авариялық-құтқару жұмыстарына және көліктерді қар құрсауынан шығаруға 90 техника, төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің, әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органнан барлығы 240 қызметкер жұмылдырылды, — деді Саид Молдақараев. Сондай-ақ ол облыс тұрғындарына ауа райының құбылмалы уақытында және көлік қозғалысына шектеу қойылған кезде жолға шықпауға кеңес берді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті