Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті

Облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласындағы Мәскеу, Береке, Есет батыр тұрғын алаптарын аралап, осы аумақтардағы қардан тазарту жұмыстарын қадағалады, сондай-ақ қала маңындағы арықтардың жағдайын қарап шықты. 

Аталған мәселелер облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында да талқыланды. Онда облыстағы жергілікті атқарушы органдардың су тасқыны мен табиғи өрттің алдын алу және оларды жою шараларына әзірлігі талқыланып, жауапты мамандар баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, бүгінде облыста жалпы саны 11 мыңнан астам тұрғыны бар, ықтимал су басу аймағына жататын 36 елді мекен – қатаң бақылауда. Жергілікті атқарушы органдардың департаментпен бірге жүргізген жұмыстарының нәтижесінде 21 елді мекенде су басу қаупі барынша азайтылды.

Қазіргі таңда су тасқынының алдын алуда өңірде жалпы саны 1638 адамнан, 350 техникадан, 66 жүзу құрал мен 232 мотопомпадан құралған азаматтық қорғау қызметінің күштері мен құралдары дайын тұр. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарға жанар-жағармай мен инертті материалдар қоры дайындалған.

«Көктемгі су тасқыны кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бүгінде өте өзекті болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауды және нақты шешімді талап етеді. Біз су тасқынының алдын алуда әкімдіктермен бірлесіп әрекет ететін боламыз», — деді Нұрғали Жүнісов.

Бұдан кейін отырыста көктемгі су тасқынының алдын алуда аудандарда жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Қобда, Ойыл, Темір, Әйтеке би, Байғанин аудандарының әкімдері хабарлама жасады. Олар аудан аумақтарындағы су басу қаупі бар облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен тұрғын үйлерге жүргізіп жатқан қауіпсіздік шаралары жайында айтып берді. Былтыр облыста Қобда және Ойыл аудандарында біраз үй суға кеткен еді, осы жағдайдың қайталанбауы үшін облыс әкімі жауапты тұлғаларға жеке-жеке тапсырмалар жүктеп, өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

Жиында Ақтөбе қаласындағы су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралар жайын қала әкімі Азамат Бекет айтып берді.

«1 ақпаннан бастап қала аумағындағы арықтарды, каналдарды қардан, мұздан тазарту жұмыстарын бастап кеттік. Бұл жұмыстарға арнайы бригадалар, мердігер мекемелер жұмылдырылды. Көктемгі су тасқынына қарсы атқарылаты іс-шараларға жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлініп, конкурс арқылы мердігер мекеме анықталды. Аталған қаржының 50 пайызы су тасқынына қарсы іс-шараларға жұмсалса, 50 пайызы еріген қар және жаңбыр суын сорғылау жұмыстарына бөлініп отыр», — деген ол қала әкімдігі биылғы су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға толығымен дайын екендігін жеткізді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров Азамат Бекетке қала аумағында қар тазарту жұмыстарын күшейту керектігін, су тасқынының алдын алуда бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы зор екенін жеткізді.

«Қала аумағындағы елді мекендердің тұрғындары су тасқыны кезінде зардап шекпеу керек. Тұрғындардың мүлкі бүлінбеу қажет, адам шығыны болмауға тиіс. Өкінішке қарай, қала маңындағы саяжайларға статус берілген жоқ, оларда адамдар жыл бойы тұрып жатыр. Кейбір саяжайларда зәулім үйлер тұрғызылған. Су тасқыны кезінде осы үйлерді су баспау үшін тиісті жұмыстар жүргізу керек. Біз бүгін бірқатар тұрғын алаптарды аралап шықтық. Биыл қар көп жауды, соған сәйкес бұл бағыттағы жұмыстарға бөлінетін қаржы мөлшері де ұлғайды. Сондықтан алдымен қар шығару жұмыстары басты бақылауда болу керек», — деді облыс әкімі.

Отырыста аймақта табиғи өрттердің алдын алу және өңірдегі сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері туралы баяндама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Бақыткелді биыл өңірімізде құрылысы жүргізілетін 4 орман өртін сөндіру станциясының жобалық сәйкестендіру құжаттары әзірленетінін, бұл мәселеде Қарағанды облысының тәжірибесін қолдану тиімді екенін жеткізді. Оның айтуынша, аталған облыста құны 94 млн теңгеге құрастырылмалы модульдік өрт сөндіру станциясы  салынған.

Жиын соңында Асхат Шахаров жиналғандарға былтырғы кемшіліктер бойынша тиісті шараларды қабылдап, су тасқыны қаупінің алдын алуда жан-жақты жұмыс жасауды тапсырды. Сондай-ақ, сейсмикалық қауіпсізік және өртке қарсы күресті барынша күшейтіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.