Өңір басшысы Асхат Шахаров Ақтөбедегі кейбір тұрғын алаптарын аралап, қар тазалау жұмыстарын тексерді.
Облыс орталығының жолдарын қысқы мезгілде күтіп-ұстауға және қар шығару жұмыстарына 17 мердігер мекеме жауапты. Бүгінгі күні қала көшелеріне қар күрейтін және қарды тазалап, тиеп-түсіретін 300-ден аса ауыр техника шығарылған. Қосымша 16 бригада шаһардағы су басу қаупі бар Мәскеу, қалалық сүт зауыты, Құрмыш, Шанхай сияқты аудандарды қардан тазартып жатыр. Ақтөбе ақ ұлпаға оранғалы қалалық полигонға 180 мың текше метр қар шығарылыпты.
Асхат Шахаров қар жинау жұмыстарына, көктайғаққа қарсы шараларға ақтөбеліктердің көңілі толмайтынын жеткізді. Ахуалдық орталыққа қыс мерзімі басталғаннан бері 2000-нан астам өтініш келіп түскен. Оның 90%-ы – қалаға тиесілі. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне жолданған 190 өтініш – күн тәртібінде тұр. Облыс әкімі су басу қаупін азайту үшін ауыр техникалардың санын арттырып, жұмыс күшін көптеп тарту керектігін алға тартты.
Аймақ басшысы көктемгі су басу қаупі бар Есет батыр және Береке тұрғын алаптарындағы арықтардың жағдайын да қарап шықты.
2022 жылы 4 ықшам аудандағы №19г, №23г үйлерінің жертөлесін су басты. Көктемде далалықтан еріген қар суы тасып келгенде, оның бағытын Песчанка өзеніне бұру үшін ұзындығы 3,5 шақырым, ені – 5-6 метр болатын канал қазылды. Сондай-ақ, көпқабатты үйлердің аумағында суағарлар жасалған.
Ал Береке тұрғын алабында жаңбыр мен еріген қар суын бұру үшін нөсер кәрізінің құрылысы жүргізілмек. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама түзетіліп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстары қайта жанданады.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті