«Мемлекеттік қызметші — адал азамат» қатар жүретін ұғым

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар Әділетті Қазақстан қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуда. Оның басты бағыттары – ашықтық, әділеттілік және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Мемлекеттік қызметші «Адал азамат» идеалдарына сай келуге тиіс. Ол ашықтық пен адалдық, ж­ауап­кершілік пен кәсібилік сынды қа­сиет­терді талап етеді. Осы тұста ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты кітабы жарық көрді. Ұсынылып отырған кітапта жаңа формациядағы әрбір мемлекеттік қызметшіге тән басты ұстанымдар мен негізгі қасиеттер жазылған. Ұстанымдар мемлекеттік қызметшілердің саналы жаңғыруына, жаңаша құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді.

Ең алдымен мемлекеттік қызметшілер Отан сүйгіш азамат ретінде ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік тілді сақтаудың үлгісі болуға тиіс. Себебі,  ұлттық тарих, мемлекеттік тіл мен мәдениет – тәуелсіз Қазақстанның негізі. Осы құндылықтарды ұстану мемлекеттік қызметшілердің туған жерінің алдындағы парызы болса, ал мақсаты – ел игілігіне қызмет ету болып қала бермек.

Мемлекеттік қызметшілер қайратты мінез бен креативті қасиеттерге ие және жаңа өзгерістердің бастауы бола білуі керек. Себебі, мемлекеттік қызметшінің  мінезі, әдеттері, тәрбиесі, ұшқыр ойы, білімі  жұмыс барысында көрінеді. Кәсіби әрі үлгілі мемлекеттік қызметші «Адал азамат» ретінде – әділ, ашық, патриот, адал, жауапкершілікті және адамгершілік сынды қасиеттерге ие болуы қажет.

Бүгінде облысымызда төрт мыңнан астам қызметші әртүрлі салада еңбек етуде.  «Өзгерісті өзіңнен баста» демекші, әрбір мемлекеттік қызметші «Адал азамат» идеясын бойына сіңіріп, оны әрі қарай дәріптейтін болса әділетті, парасатты және мәдениетті қоғам қалыптастыратындығына сеніміміз мол.

 

 

Аружан Есмурзаева

ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы