Мемлекеттік қызметшілер құқығы қалай қорғалады?

Мемлекеттік қызмет

Мемлекеттік қызметшілер — билік пен халықтың арасындағы көпір рөлін атқарып келеді. Мемлекеттік саясат пен реформалардың тиімді жүзеге асырылуында мемлекеттік қызметшілердің орны ерекше. Осы орайда олардан кәсіби білім, жоғары жауапкершілік, әділдік пен адалдық талап етіледі.

Осы бағытта мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі мен құқықтарының қорғалуы — басты назарда. Бұл ретте Әдеп жөніндегі кеңестің атқаратын рөлі айрықша.

Әдеп жөніндегі кеңес — Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттерінің жанынан құрылған консультативтік-кеңесші орган. Оның негізгі міндеті — мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету, бұзушылықтардың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау.

Кеңеске мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек, мәслихат депутаттары, журналистер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысады. Кеңес отырыстарына БАҚ өкілдері шақырылып отырады. Бұл қаралып жатқан мәселелердің ашықтығын, объективтілігін қамтамасыз етеді.

Жыл басынан бастап Ақтөбе облысында Әдеп жөніндегі кеңестің 5 отырысы өткізілді. Осы отырыстарда профилактикалық сипаттағы мәселелердің жылдан-жылға өсуіненқаралатын тәртіптік істердің азайғаны байқалады.

Атап айтқанда, 2023 жылдың 1-жартыжылдығында 12 іс қаралса, 2024 жылдың сәйкес кезеңінде — 10, ал осы жылдың осы уақытына дейін 6 тәртіптік іс тіркелді. Олардың барлығы әдеп нормаларын бұзуға қатысты.

Мәселен,әлеуметтік желіде Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы әкімінің тарапынан жергілікті тұрғынға дөрекі сөйлеу бойынша жағымсыз материал жарияланып, қоғамдық қозғалыс тудырған жағдайға әкеліп соқты. Осы мәселе бойынша лауазымды тұлғаның іс-әрекеті кеңес отырысында қаралып, қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін көтеруге бағытталған шаралар қабылдап, белсенді жұмыс жасауда. Кеңес мүшелері отырысқа қатысып қана қоймай, мемлекеттік органдар арасында, оның ішінде аудандарға барып мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, азаматтарға жеке қабылдау жүргізді. Мәселен, осындай іс-шаралар биыл санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінде және Мұғалжар ауданында өткізілді.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету — өзекті мәселелердің бірі.

Осы ретте азаматтармен қоса, мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау, олар бұзылған жағдайда қалпына келтіру Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметінің басым бағыттарының біріне жатады.

Осы бағытты жүзеге асыру барысында Ақтөбе облысы бойынша департаменті тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша бірқатар талдау жүргізілді, сол кезде мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындарын төлеу тұрғысынан 2025 жылдың 1-жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңірдегі мемлекеттік органдардың 52 мемлекеттік қызметшісінің құқығы бұзылғаны байқалды.

Нақты айтқанда, мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындары заңнамада бекітілген мөлшерге сәйкес толық төленбеген. Осы талдау нәтижелері Ақтөбе облысындағы әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, нәтижесінде52 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың 1-жартыжылдығының қорытындысымен (29) салыстырғанда көбейген.

Осындай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өңірдегі мемлекеттік органдар арасында көптеген түсіндіру жұмыстары (семинарлар, лекция, мақала жазу, интернет-конференция және т.б.) жүргізілді.

Мемлекеттік қызметшілердің мүддесін қорғаудың тағы бір түрі —үстеме жұмыстарға тартуға жол бермеу. Осы мақсатта 2023 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік органдарға бару, қол жеткізуді бақылау және басқару жүйесі арқылы мониторинг жүргізу функциясы берілді.

2025 жылдың 1-жартыжылдығы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде 93 мемлекеттік қызметшінің тынығу сағаттарын беру және өтемақы төлеу арқылы құқықтары қалпына келтірілді.

Бұдан басқа мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында қызметшілер үшін икемді жұмыс уақыты режимі белгілену мүмкіндігі қарастырылған. Осы режимді өңірде 36 мемлекеттік қызметші қолдануда. Жалпы, икемді жұмыс уақыты режимін қолдану мемлекеттік қызметшінің тиімді жұмыс атқаруына септігін тигізері сөзсіз.

Сондай-ақ азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдарды қарап, тексеру жүргізу нәтижесінде департамент олардың құқықтарын қорғауда.

Көбіне тексеруге түрткі болатын жайт —азаматтардың мемлекеттік органдардағы бос лауазымдарға өткізілген конкурстарға шағымдануы.

2025 жылдың 1-жартыжылдығында конкурс бойынша 7 шағым түсіп, нәтижесінде 2 конкурстың шешімінің күші жойылып, 2 азаматтың құқығын қорғалды, ал бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға айыппұл салынды.

Мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін міндет те мол, сонымен бірге олардың құқықтары да заң аясында қорғалады.

 

Айбек ШІЛМАНОВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.