Жыл тоғысында әдетте өткенді қорытындылап, алдағы межелерді айқындау дағдысы қалыптасқан. Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін, «Ақтөбе», «Адырна», «Үш таған» журналдарын, сондай-ақ «Ақтөбеньюс» сайтын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС жаңа — 2019 жылға қандай жоспарлармен қадам басқалы отыр?
Біз осы мәселе төңірегінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен ОТЫНШИНМЕН сұхбаттасқанбыз.
— Сонымен, 2019 жылдың алғашқы күндерін де өткеріп үлгердік. Осы сәтте бір мезет өткен жылдың басты оқиғаларына көз жүгіртсек. Өзіңіз басшылық жасап отырған «Ақтөбе Медиа» ұжымы үшін 2018 қандай жыл болды?
— Біз үшін өткен жылдың ең басты жаңалығы — Ақтөбеде тұңғыш рет Баспасөз үйінің ашылуы, бұған дейін өз алдына жеке баспанасы болмай келген «Ақтөбе Медиа» компаниясының, оған қарасты облыстық газеттердің сәнді де салтанатты ғимаратқа қоныстануы болды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қамқорлық-қолдауы нәтижесінде бұрынғы облыстық баспахананы күрделі жөндеуден өткіздік. Мұнда қазір журналистердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта өзіміздің полиграфиялық базамыз болады деп отырмыз.
Жаңа ғимараттағы тағы бір жаңалығымыз — «АқтөбеМедиа.kz» медиа порталын аштық. Мұның барлығы біздің ақпарат тарату кеңістігімізді кеңейте түседі.
Өткен жылы жалпы еліміз бойынша ежелгі басылымдардың бірі саналатын облыстық «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығын атап өттік. Бұл мерекеге байланысты газет тарихын баяндайтын арнайы энциклопедия шығарылды. Астананың 20 жылдығы құрметіне облыстық газеттердің журналистерінен құрылымдалған автоэкспедиция ұйымдастырылды.
Жаңадан ашылған музейіміз өзінде жинақталған жәдігерлерімен облыстық газеттердің жүріп өткен жолдарын, түрлі кезеңдерін көрсетеді деп отырмыз.
— Енді алдағы жоспарлар туралы айтып өтсеңіз.
— Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық еңбегі біздің алдағы жұмыстарымыздың айқындаушысы болмақ. Қазақтың ұлттық дәстүрлерін насихаттау, тарихымызды түгендеуге үлес қосу — басты парызымыз. Осы орайда Қазақстанның тұңғыш астанасы — Орынборға экспедиция ұйымдастырмақшымыз, сондағы архив құжаттарымен танысу ойымызда бар. Оның құрамында білікті тарихшы-ғалымдар, көпті көрген, көненің қадірін білетін зиялы қауым өкілдері болмақшы. Бұл құрамға талапты жастарды да қоспақшымыз. Осы экспедиция мүшелері Орынбор облысындағы Ақбұлақ, Тұзтөбе, Жаманқала жерлерінде де болып, сондағы қандастарымызбен кездеседі.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бағыттарын насихаттауда «Ақтөбе» газеті қызметкерлері де белсенді қимыл көрсетпекші. Біздің журналистеріміз Алға ауданына жасайтын сапарына атқа мініп шықпақшы, осы жолда Есет баба басына зиярат жасау жоспарлануда.
Биылғы жаз айында облыстық «Ақтөбе» газетінің шыға бастағанына 95 жыл толады. 1924 жылы ең алғашқы саны «Кедей» деген атпен жарық көрген басылым сан қилы кезеңдерді бастан кешірді. Заман ағымына сай атауы да бірнеше мәрте өзгерді. Соның бәрінде де бұл газет уақытпен үндестігін көрсете білді, оқырманынан алыстаған жоқ.
Кезінде радио іске қосылды, содан кейін телевизияны пайдаландық, қазір интернет желісі алға шықты. Соның бәрінде де «енді газет оқу күрт азаяды» деген қауіптер айтылып жатты. Ал шын мәнінде олай бола қойған жоқ. Соның бір айқын дәлелі — «Ақтөбе» газеті биылғы жаңа жылға 20 мыңнан астам оқырманымен еніп отыр.
Былтыр мен Бейжіңде өткізілген «Бір белдеу және бір жол» аясындағы 2- халықаралық медиафорумға қатыстым. Сонда шыға бастағанына жетпіс жыл толып отырған «Жэньминь жибао» газеті редакциясында болып, басылымның тарихымен, жұмыс процесімен танысу мүмкіндігі туды. «Жэньминь жибао» газеті қытай тілінде «Рін мин ры бау» деп дыбысталып, қазақша баламасында «Халық газеті» аталады екен. Осы басылым Қытай секілді алып мемлекеттің күнделікті тыныс-тіршілігін, қоғамның сан салалы қозғалысын оқырмандарына хабарлап отырады, сонымен бірге билік партиясының саясатын жұртшылық арасында үгіттеу міндетін де жүзеге асырады.
Жапонияның ұлттық газеті «Асахи Симбун» (қазақ тіліндегі мағынасы — «Күннің шығуы») бүгінде 10 миллион данадан астам таралыммен шығады. Газеттің жер-жерлерде 226 бюросы бар екен. Оқырмандары — зиялы қауым, қалталы адамдар.
Демек, жаһандық тұрғыдан алып қарағанда да газетке сұраныс азаймайтындығы байқалады. Біздің міндетіміз — жұртшылыққа ақпарат жеткізу аясын кеңейту.
«Ақтөбе» газеті өзінің 95 жылдық мерекесін өзінің жанашыр оқырмандарымен бірлесіп өткізбекші. Осы ретте біз облысымыздың он екі ауданында әртүрлі мәдени шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы қолға алынған «Тікелей байланыс» желісі өз тиімділігін көрсетті. Аудан әкімдері жұртшылықтың сауалдарына жауап беріп, бұл сұрақ-жауап газет бетінде жарияланып тұрды.
Биыл Ақтөбе қаласының іргесі қаланғанына 150 жыл толмақ. Облыс орталығының тарихы, өткен жолы газет бетінен тұрақты орын табады. Биыл Жастар жылы екенін де ескердік.
Оқырмандарымызбен жүздесу, олардың ой-пікірлерін біліп отыру біз үшін құнды. Жұртшылық тарапынан оң бағаға ие болған «Бұқара» беті алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондай-ақ, «Ақтөбе» газетінің «Қала», «ЖаSТАR, «Білім» және «Шипа» қосымшалары ай сайын тұрақты беріліп тұратын болады. «Оқырман ойы», «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін» секілді тұрақты айдарлар аясында жас ұрпақты тәрбиелеу, тәлім беру мәселесіне көбірек көңіл бөлмекшіміз.
Биылғы жазға қарай Баспасөз үйі жанынан Журналистер аллеясы пайдалануға берілмекші. Журналистер аллеясы шығармашылық адамдардың кездесіп, өзара пікірлесетін демалыс орнына айналмақ.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында екі облыстық басылымның әр жылдардағы тігіндісі электронды түрге көшірілді.
Газет өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік. Сондықтан біз оқырмандарымызға сүбелі сөз айтуға тиіспіз. Сайып келгенде, газет қызметкерлерінің негізгі мақсатының өзі — осы.
… Шүкір, өткен жыл жалпы ұжымымыз үшін жақсы болды деуге болады, биылғы жылдан да үмітіміз мол.
Сөзімнің қорытындысында бізге қолдау көрсеткен, бізбен бірге келе жатқан «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырмандарына шексіз алғысымды айтқым келеді.
Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі