«Ауыл аманаты» ауыл жұртшылығына жаңа серпін бермек

«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» ақпараттық-насихатэкспедициясы Мұғалжар ауданына барды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС бастамасымен құрылған экспедиция мұнайлы өлке Мұғалжарды аралады. Мақсат — «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.

Сағашилі жастары кәсіп ашып жатыр

Облыс орталығынан шыққан автокеруен өз жұмысын Еңбек ауылдық округінен бастады. Алдымен округке қарасты Сағашилі ауылына барды. Ауыл аудан орталығынан 28 шақырым жерде орналасқан, әлеуеті жоғары. Үш мыңға жуық халық тұрады. Қазіргі таңда тұрғындар «Ауыл аманаты» бағдарламасына белсенді түрде қатысып жатыр.

—Ауылдық округке Сағашилі, Басшилі, Теміркөпір, Тепсеңқарабұлақ ауылдары қарайды. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге  мүмкіндік беріп отыр. Бағдарламаға 14 тұрғын қатысса, оның алтауы —жұмыссыз. Атаулы әлеуметтік көмек алатын сегіз адамның үшеуі де осы бағдарламаға қатысып отыр. Несие алған азаматтар шаруасын бастап кетті. Бірі көкөніс ексе, енді бір наубайхана ашты. Сондай-ақ монша, кондитерлік орталық ашқысы келетіндер де бар. Жалпы жобаны жандандырсақ жұмыссыздар  мен атаулы әлеуметтік көмек алатындардың да саны азаяды, — деді округ әкімі Аманбай Қаюпов.

Экспедиция мүшелері Сағашилі ауылынан 30 шақырым жердегі Жандарбек Ізғалиевтің көкөніс алқабына барды. 25 жастағы жігіт бағдарлама бойынша 4 миллион 800 мың теңге несие алған. Сегіз гектар жерге картоп, қызанақ, қауын-қарбыз, қияр,  жүгері секілді көкөністің бірнеше түрін еккен. Тамшылатып суару әдісін қолданады. Қазір тұқымның алды түйнектеп шығып жатыр.

— «Ауыл аманаты» бағдарламасын естігенде еш ойланбастан бірден жоба дайындауға кірістім. Кепілге үйімді қойдым. Несие қолға тигеннен кейін қажетті материалдарды сатып алып, іске кірістім. Қияр жақсы өсіп жатыр. Жалпы өнімді өткізуде ешқандай қиындық болмайды деп ойлаймын. Себебі аудан орталығында әр сенбі сайын жәрмеңке өтеді. Одан бөлек көтерме бағамен алатындар бар. Алдағы уақытта қосымша 2,5 миллион теңге алып, шаруашылықты тағы кеңейткім келеді. Күздік бидай мен жоңышқа ексем деймін. Себебі кәсібін енді ашқан біз сияқты жастарға бағдарлама өте тиімді болып отыр, — деді Жандарбек Ізғалиев.

Көкөніс алқабын аралаған экспедиция мүшелері Жандарбекке сәттілік тіледі. Бұдан кейін шара ауылдың Мәдениет үйінде жалғасты. Сағашилі ауылына жақын маңдағы Қандыағаш қаласы мен Еңбек, Талдысай, Ақкемер, Жұбанов, Жұрын ауылдарының тұрғындары жиынға қатысты.

Жиында экспедицияны бастап барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сапардың мақсатын түсіндірді. Бағдарламаға қатысып, кәсібін бастаған азаматтарға облыс әкімі Ералы Тоғжановтың ыстық ықыласын жеткізіп, Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ серіктестік атынан да бірқатар азаматтарды марапаттады.

Экспедиция мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов ел экономикасы өркендеуі үшін шағын кәсіпкерліктің маңызы зор екенін айтты.

—Елімізде ауыл халқын жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асып  келеді. Бұдан бұрын «Ауыл жылы» жарияланды. Түрлі жобалар жүзеге асты. Ал бұл жолғы «Ауыл аманаты» жобасының өз ерекшелігі бар. Бұл ауыл жұртшылығына  жаңа серпін бермек, — деген профессор жаңадан кәсіп бастаған тұрғындарға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ шарада халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаев сөз сөйлеп, кәсіп бастаған азаматтарға қолдау білдірді.

Жиында «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Әшімахынұлы, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының шағын несиелеу бөлімінің басшысы  Бағдат Қожамұрат, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі Шынар Тиыштықбаева тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

«Құтты мекен» қоғамдық бірлестігінің өкілі Қабахан Қайсарұлы жиналғандарға бағдарламаның мүмкіндіктері туралы толық жазылған буклеттер таратып, кеңес берді.  Аталған қоғамдық бірлестік ауыл жұртшылығына қаржылық сауаттылық, өндіріс технологияларын қалай қолдану керектігі жөнінде пайдалы кеңес беріп, оқытады.

Жиын барысында ауыл тұрғындары белсенділік танытты. Әсіресе жастар сұрақ қойып, бағдарлама туралы кеңірек білгісі келетіндерін көрсетті. Кәсіп бастағандар тағы да қосымша қаржы алғысы келетіндерін де жасырмады. Тұрғындар істі енді қолға алғандар үшін жоба өте тиімді екенін айтады. Ауыл тұрығыны Айгүл Сауырбаева экспедиция мүшелеріне алғысын білдірді.

Облыс орталығынан арнайы келіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырсыздар. Сіздерге алғысымыз шексіз. Бұл — біз үшін үлкен мүмкіндік. Себебі мамандармен көзбе-көз отырып сөйлесіп, түсінбеген, білмеген нәрсемізді сұрап жатырмыз. Кәсіп ашуға деген құлшынысымыз оянды. Жастардың белсенділік танытып жатқаны да қуантып отыр. Жұмыс болса, ауыл халқы ешқайда көшпейді, — деген ауыл тұрғыны алғысын жаудырды.

Ембіліктер де белсенді

Сапар бұдан әрі Ембіде жалғасты. Ембі әкімдігі ғимаратында өткен жиынға Қайыңды, Алтынды, Жем, Батпақкөл, Құмсай, Мұғалжар секілді ауылдардан келген тұрғындар қатысты. Ембі қаласының әкімі Мұсағали Райымбектің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 32 адам жоба ұсынған. Оның алтауы мақұлданып, екеуі жұмысын бастап кеткен.  Бірі қауын-қарбыз ексе, енді бірі құлпынай өсіруді қолға алған. Наубайхана ашып, сабын шығару цехын іске қоспақшы болып отырғандар да бар.

Жиында экспедиция құрамындағы мамандар бағдарламаның талаптарын түсіндірді. «Ауыл аманаты» бағдарламасының тимді тұсы көп. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының шағын несиелеу бөлімінің басшысы  Бағдат Қожамұраттың айтуынша, несие  аз пайызбен бес жылға беріледі. Оны төлеу кезінде де азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Яғни кәсібін жүргізіп, бір ізге түсіріп алғанша бір жылға дейін каникул алуға болады. Кейін ыңғайына қарай төлем уақытын да өзі белгілейді. Мәселен, екінші деңгейлі банктер несие беру кезінде ауылдағы саман кірпіштен салынған үйлерді кепілге алмайды. Ал бұл жобада ондай үйлерді де кепілге қоюға болады.

Кездесуде тұрғындар тарапынан да түрлі сұрақтар болды. Округ әкімдері құжаттарды рәсімдеуде қиындықтар туындайтынын айтты. Себебі құжаттан бір қате шықса, шалғайдағы ауылдан облыс орталығына барып келудің өзі оңай емес. Осы ретте  құжаттың қаралу мерзіміне қатысты қандай да бір жеңілдіктер қарастырылуын сұрады.

Негізгі сұрақтар қаражаттың түсіп болмауы, жылжымайтын мүлік, кепілге қою  құжаттарының дұрыс еместігі, жеке кәсіпкер ретінде уақытында тіркелмеуге қатысты болып отыр. Талап барлығына бірдей. Несие бойынша құрылған комитет жобаны қараған кезде құжаттың дұрыстығына мән береді. Егер құжатта қате болса, бірақ жоба жақсы болса, ол мақұлдана береді. Құжаттағы қатені дұрыстауға белгілі бір уақыт беріледі. Сондай-ақ кепілге мүлік қою кезінде де қателіктер болады. Бірі үйді өз атына аудармаса, енді бірі үйдің қасына тағы бір құрылыс салған. Бірақ оны заңдастырмаған. Осындай жағдайларға байланысты құжат қабылдау кешігіп, қаржы да қолға кеш тиіп жатады. Қаржы мемлекет тарапынан берілгеннен кейін құжаттың дұрыс болуы маңызды, — деді Бағдат Қожамұрат.

«Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Әшімахынұлы несие талаптары бойынша айтып берді. Бұған дейін бір күн бұрын ӘКК өкілдері  Жағабұлақ, Қожасай, Шеңгелші, Бірлік ауылдарын аралап, бағдарлама бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қаржылық модельді талқылаған болатын. Бағдарламаның қайта өңдеу, құс, өсімдік  шаруашылығы бағыттары бойынша кеңес берді. Топ құрамында Алғада құс шаруашылығын дамытып отырған Евгения Макаревич те болды. Ол тұрғындарға құс шаруашылығын бастау балапанды күту туралы,яғни кәсіптің қыр-сырын түсіндіріп айтып берген еді.

Жиын барысында облыстық мәслихат депутаттары Айгүл Нұркеева, Наурызбек Сарбасов тұрғындармен тілдесіп, талап-тілектерін тыңдады.

Мен мемлекеттік гранттарды бөлу жөніндегі аудандық комиссияның мүшесімін. Жақында  ғана кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетіндерден түскен 130 өтінішті қарадық. Өкінішке қарай, грант саны — 10. Бұл бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан ауылда өз ісін бастаймын дегендер  «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана алады. Әсіресе бұл — жұмыссыз жүргендерге таптырмас мүмкіндік, —  дейді облыстық мәслихаттың депутаты Наурызбек Сарбасов.

Жылыжай салды, қарбыз екті

Экспедиция мүшелері Ембідегі «Ауыл аманаты» бойынша несие алып, құлпынай өсіруді бастаған Айнагүл Кештенбаеваның жылыжайына  барды.

Айнагүл Ақтөбедегі екі бөлмелі үйін кепілге қойып, 6 миллион теңге несие алған. Қаржы қолға тиген соң жылыжайға қажетті жабдықтарды сатып алыпты.

Күйеуім дәнекерлеуші болғандықтан барлық жұмысты өзі істеді. Енді еден астына жылу өткізгіш жүргіземіз. Әлі де атқарылар жұмыстар көп. Жылыжай қыста жұмыс істейді. Бұйырса, 500 түп құлпынай аламыз деген жоспарымыз бар. Өнімді өткізу жағын да ойластырып қойдық, — дейді Айнагүл.

Бұдан кейін экспедиция мүшелері Жем өзенінің жағасындағы Әділбек Маханбетовтің көкөніс алқабын аралады. Әділбек бір жарым гектар жерге қарбыз егіпті. Тұқымның алды түйнектеп жатыр.

Бұрын-соңды көкөніс шаруашылығымен айналысып көргенім жоқ. Бірақ әкем осы шаруаның қыр-сырын жақсы біледі. Әкеммен ақылдаса келе,қарбыз өсіруді қолға алдым.Алдымен жоба дайындап, бағдарламаға қатыстым. Несиені алған соң қажетті жабдықтарды сатып алып,  бір жарым гектар жерге тұқым септік. Жалпы, Ембіде бұндай кәсіп түрімен айналысатындар жоқ. Сондықтан өнімді өткізуде де қиындықтар болмайды деп ойлаймын, — деді Әділбек.

P.S.

Мұғалжар ауданы бойынша 67 жоба мақұлданған. Оның 27-сі қаржыны алып, кәсібін бастап кетті. Сапар барысында бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендердің қатары көп екенін байқадық.

Автокеруеннің ендігі бағыты — Алға ауданы.

 Кәмшат ҚОПАЕВА