Газеттің тірегі — оқырман

Баспасөздің басқа ақпарат құралдарынан, соңғы кезде жұртшылық назарын жаулауға айналған ғаламтор мен әлеуметтік желіден айырмашылығы, артықшылығы неде? Соның ішінде өңірлік мерзімді басылымдардың бүгіні мен болашағы қандай? Газет таралымы қайтсе көбеймек? Шерхан Мұртаза кезеңінен бері «арқалағаны — алтын, жегені — жантақ» күйінде келе жатқан журналистің мәртебесі анықтала ма?

Кәсіби мерекеміздің қарсаңында облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының басын қосып отырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Раукен Отыншинмен осы мәселелер төңірегінде сұхбаттасқан едік…

—Газет пен оқырман, яғни газеттің таралуы, оқырман тарту мәселесі — қашанда өзекті мәселе. Бүгінде дәстүрлі басылымнан гөрі ғаламтор кеңістігіне, салмақты газет-журналдардан гөрі жұртты «жалт қаратқыш» сары басылымдарға деген ынта-ықылас басымдау көрінеді. Осы ретте өңірлік мерзімді басылымдардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталсаңыз?

—Бір нәрсенің басы айқын екенінәрдайым айтып келемін: әлемдегі ең дамыған, алпауыт мемлекеттердің өзі газеттен бас тартқан жоқ.Керісінше, баспасөзді басқа бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламтордың тасасында қалдырмауға, дамытуға күш салып отыр. Өйткені тасқа басылған газет сөзі — қашанда соңында сұрауы, жауапкершілігі бар, салмақты сөз. Газет сөзі — ертеңгі күні тарих парағына айналатын, ұрпаққа аманат болып қалатын асыл сөз.

Мен облыстық «Ақтөбе» газетіне сонау 80-жылдардың ортасында келдім. 90-жылдардың соңындағы күрделі уақытта өзім де жеке газет аштым. Бизнес, кәсіп ашуды жұрт енді ғана бастаған шақта, сол саланың қыр-сырын жеткізу, түсіндіру арқылы талап қылып, жаңа іс бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсету керек деген оймен «Экономика-Бизнес» деп аталатын, одан соң «Жаңа ғасыр — Новый век» атты газеттер шығардым. Сол кезеңде Ақтөбеде «Елім-ай», «Серпін-Резонанс», «Тіл-тағдыр» және басқа да жекеменшік газеттер шығып тұрғаны есімізде.

Ал «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттеріне келсек, бұлар — ғасырлық тарихы бар, жүз жылдан бері өңір шежіресін жазып келе жатқан басылымдар. Жуырда, 19 маусым күні, «Актюбинский вестник» газетінің жарыққа шыға бастағанына 105 жыл толды. Соған орай ұжымды облыс әкімі Ералы Тоғжанов келіп құттықтады.

Ал келесі жылы «Ақтөбе» газеті өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Соңғы 100 жылдың ішінде ел-жұрттың басынан не өтті, қандай ауыртпалыққа кез келді, оны қалай жеңіп шықты — осының бәрін «Ақтөбе» газеті өз оқырмандарымен бірге көріп, бірге өткеріпкеледі. Қазір де өзін толғандырған мәселелерді немесе өз басындағы түйткілді жағдайдыайтып, жазған мақаласын ұсынып, күн сайын газетке хабарласып жататын жандар өте көп.

Бүгінгі күні газеттің 15 мың шамасында оқырманы бар. Бұл — республика бойынша жақсы көрсеткіштердің бірі. Әрине, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласы сынды әуелден қазақылығы мықты өңірлердің алдына түсе алмай келеміз. Дегенмен қол қусырып отырмай, оқырманмен арадағы байланысты нығайта түсу үшін аудандарда газет күндерін өткізіп, оқырмандардың ортасына барып, түрлі мәдени шаралар, кездесулерді үзбей ұйымдастырып жүрміз. Яғни  «Бармасаң, келмесең — жат боласың» деген қағида қазіргі заманғы баспасөз бен оқырман арасындағы қарым-қатынас үшін де өте-мөте маңызды деп ойлаймын.

Сонымен қатар, екі газеттің де әлеуметтік желідегі парақшаларына жазылушылар бар, олардың қатары да жылдан-жылға өсіп келеді, биыл жұрт көп қарайтын youtube.com сайтына да өз арнамызды тіркедік.

— Жуырда облыстық басылымдар «Ауыл аманаты» жобасын қолдау мақсатында «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясын қолға алды. Осы жөнінде кеңірек айтсаңыз?

— «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты — ауылдарда тұрғындардың тұрақтап қалуына, кіндік қанымыз тамған елді мекендердің біржола жойылып кетпеуіне сеп болу. Ауылда туып-өскендіктен біз де ауыл тағдырына бей жай қарай алмаймыз.

Сонымен бірге бұрын да, қазір де біздің оқырмандарымыздың басым бөлігі — ауыл тұрғындары. Қалалармен салыстырғанда, ауыл жұрты қоғам тынысын, күнделікті ақпаратты әлі де ғаламтор емес, газеттер арқылы оқып-біліп отыр. «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынғаннан-ақ, ол туралы көбірек жазып, ауыл жұртына қажетті деректер беріп, мамандарды сөйлетіп, барынша қолдау көрсетуге тырысқан едік. «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Өз ісін бастағандарға да, ниет етіп отырған ауыл тұрғындарына да нақты көмек, мамандардың ақыл-кеңесі керек. Осыған байланысты біз материалдар жазып отырумен ғана шектелмей, осы экспедицияны ұйымдастырдық. Экспедиция құрамында журналистер ғана емес, облыстық ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері бар. Алғашқы сапарды Хромтау ауданынан бастадық. Оның нәтижесі бар деп ойлаймын. Мысалы, кездесулердің бірінде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы құс алып, іс бастаған ауыл тұрғыны енді құстарын көбейтіп, қора-жайын кеңейткісі келетінін айтып, мамандардан кеңес сұрады. Жоба аясында бұған да қолдау көрсетілетінін естігенде қатты қуанды. Келесі бір кездесуде бір ауылдың 4 адамының бірдей кәсіп түрін ашқысы келетіні анықталды. Мамандар ауыл тұрғындарының санына байланысты мұның тиімсіздігін ескертіп, басқа кәсіп көздері жөнінде түсініктеме берді.Әрине, біз «Ауыл аманаты» жобасына, ол арқылы іс бастаған жандарға газет бетінде де қолдау көрсетіп, кеңінен насихаттай береміз.

«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы Хромтаудан кейін Мұғалжар, одан соңбасқа аудандарда жалғасады. Ал қорытындысы 25 қазанда, яғни Республика күні қарсаңында шығарылады. Осы күні «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің және «Үш таған» журналының «Жыл адамы» анықталып, үздіктер есімі белгілі болады. Олар бағалы сыйлықтармен марапатталады, сондай-ақ шипажайға жолдама мен «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» басылымдары мен «Үш таған» журналына бір жылға тегін жазылуға сертификаттар беріледі. Марапаттау рәсімін Aqtòbeтелеарнасының «Ауыл аманаты» бағдарламасында хабар ретінде өткізуді жоспарлап отырмыз.

— Кезінде қазақ баспасөзінің абызы Шерхан Мұртаза «Журналистің арқалағаны — алтын, жегені — жантақ» деген еді. Қазақ журналисінің жағдайы содан бері өзгерген жоқ, әлі күнге дейін мәртебесі анықталған жоқ. Осы тұрғыдағы ойларыңызбен бөліссеңіз.

— Биылғы қаңтар айының аяғында Астанада өңірлік баспасөзді дамыту мәслелеріне арналған үлкен форум өтті. Осы жиында көп мәселелердің талқылануы көңілге үлкен үміт ұялатты. Елімізде медиа саласының даму әлеуетінің ұлғайғаны, отандық медианы одан әрі дамыту қажеттігі айтылып, соған байланысты бірқатар жоспарлар жария етілді. Яғни сөз түзелді, енді оның бірте-бірте іске асуын күтеміз.

Қазіргі күні БАҚ туралы заңның қайта қаралып жатқаны белгілі. Осы заң арқылы қазіргі блогерлер мен журналистің арасы нақты айқындалып, журналист мәртебесі анықталса дейміз.

Біздің газеттер — уақыттың талай сынынан халықпен бірге өтіп келе жатқан басылымдар. Бүгінгі буын журналистердің мақсаты — ғасырлық тарихы бар газет шежіресін одан әрі де қалың оқырманға жанашыр, жақсылыққа жаршы қалпында жалғастыру.

Сұхбаттасқан Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА