Жусанды даланың перзенті

Елдің қамы, көптің мүддесі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, демалыс дегенді ұмытып, үнемі ат үстінде жүретін азаматтар болады. Сондай жақсы ағалардың бірі Келдібай Еспағамбетұлы еді…

Ауыл шаруашылығының білікті маманы болғасын ба, қазақтың тіршілік көзіне айналған мал өсіруге, оның өнімдерін молайтып, игілігін көруге көп көңіл бөлетін. Кешегі күні облыста «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынғанда да алғашқы болып үн қосты. Шаруа-тірлігін түзеп алсын деп ауылдағы ағайынға өз есебінен мал беретіндігін айтты. Онымен де тоқтап қалған жоқ, мүмкіндігі бар азаматтарға сөз арнап, қозғау салды. «Бабалар аманаты — ауыл аманаты» деп қолға алынған жобаның маңыздылығын арттыра түсті. Әр үйдің ауласында мал болғанын, әр шаңыраққа ырыс-береке дарығанын қалап отырушы еді.

Талай рет сапарлас болудың сәті түсті. Жолға шыққанда жақсы әңгімесімен, әдемі, жеңіл әзілімен жан жадыратып, көңіл күйіңді көтеріп отыратын.

Барған жерде ауыл адамдарымен ашық әңгімелесіп, өзінің ойларын ортаға салады, жұртшылық пікірін тыңдайды. Темір ауданының Тасқопа елді мекеніне барғанымызда қылмысы жоқ осы ауылдың үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор болатын, бір-біріне қолдау көрсетіп жүретін қалыптасқан тәртібіне әбден көңілі толып, «біздің ауылдарымыздың барлығы бірдей осындай болса ғой» деп тілек білдірген.

Одан кейін Қарабұтақ өңіріндегі Ақкөл атты ауылға бардық. Бұл — қазақтың лирик ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың:

Айда бала, Ақкөлге айда, бала,

Айтып әнін ауылдың майда ғана.

Қарасорға барғасын бір аялда —

Қырға шығып қарайын айналаға, — деп келетін жыр жолдарына арқау болған мекен. Сол ауыл тұрғындары ғасыр дертіне айналған ішімдікке тосқауыл қойып, дастарқан мәзірінен мүлдем алып тастапты. Бұл жағдайға да Келдібай аға қуаныш білдірді. «Өсіп келе жатқан жастарымыздың ойы да, бойы да таза болғанға не жетсін, енді темекіге де жоламаса екен олар» деп тілегін айтқан сонда.

Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім кеңесінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы ретінде ол ұзақ жылдар бойы қоғамдағы үйлесім, ұрпақтар сабақтастығы тұрғысында жемісті жұмыстар атқарды.

Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдары жүрек жалынымен ту көтеріп алға шықты. Ақтөбе қалалық «Қазақ тілі» ұйымына басшылық жасады.  «Елім-ай», «Отан. Елім-ай», «Нартәуекел» газеттерінің құрылтайшысы болып, елдіктің сөзін айтты, ұлтты ұйыстыратын, халықты біріктіретін қимылдардың қозғаушысы болды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан журналистикасының қайраткері» тұрғысындағы азаматтық абзал борышына адалдықты сақтады.

Ұлт болашағын табиғат тазалығымен байланыстырып, қоршаған ортаны қорғау ісіндегі белсенділігі, жемісті жұмысы нәтижесінде халықаралық «Экология» академиясының академигі атанды.

Оның құтты шаңырағында қазақтың талай жақсылары қонақ болды, берекелі дастарқанынан дәм татты. Сондай мәртебелі меймандардың бірі — қазақтың көрнекті жазушысы, аузы дуалы сөз зергері Әбіш Кекілбаев болатын. Сол кезде Мемлекеттік хатшы қызметін атқаратын Әбіш аға зәулім үйдің оныншы қабатындағы Келдекеңнің пәтерінің төрінде отырып, «Сіз биікте тұрады екенсіз, Аллаға қол созым жерде тұрсыз ғой!» деп жылы жымиып, пайғамбарлық пейілін білдірген екен.

Ақиқатында Келдібай ағамыз адами болмысымен, кең пейілімен, мол мейірімен, жанының жылылығымен, жүрегінің шуағымен, көңілінің дарқандығымен, мұсылмандық әдеп-мінезімен көп адамға үлгі бола алатын.

Ол қандай биікке көтерілсе де, өзінің Баршақұм атты шағын ауылын мақтан етіп, туған жерінің мәртебесін үнемі көтеріп отыратын. Туған жерін тұғырым деп білетін. Сол елге бүйрегі бұрып, қолдан келген жақсылығын аямағанына да талай мәрте куә болдық. Жақсы ағаның жетпіс жасқа толуына арнап деректі фильм түсіргенімізде оның дала жусанын қайта-қайта иіскеп, тебіреніп отырған сәті көз алдымызда тұр.

Иә, ол жусанды даланың парасатты перзенті еді…

  Раукен ОТЫНШИН,

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,

Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы.


БІРЕГЕЙ ТҰЛҒА БОЛАТЫН…

Келдібай Еспағамбетұлы еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан адам еді. Ол өзінің саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын дамытуға арнап, облысымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге аянбай қызмет етті.

Абзал адамгершілік, өз қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі жауапкершілік, шынайы патриотизм Келдібай Еспағамбетұлының бойындағы ерекше қасиеттерінің бірі болатын.

Осындай адами болмысымен ол халық алдындағы азаматтық борышын абыроймен орындады.

Оны білетін және жақсы көретін дүйім жұрт үшін бұл — орны толмас қайғы.

Жақсы ағаның жасаған игі істеріне сауаптан жазылып, артында қалған  ұрпақтары мен жақын туыстарына ұзақ өмір мен амандық тілеймін.

Келдібай Еспағамбетұлы біздің жүрегімізде ойшыл адам, дарынды басшы және тәлімгер, бірегей тұлға ретінде мәңгі сақталып қалады.

Амангелді НҰҒМАНОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты