Белгілі қаламгер, журналистика ардагері Сырым Бақтыгереев бүгінде Астана қаласында тұрады. Ол келер жылы 100 жылдығын атап өткелі отырған облыстық «Ақтөбе» газетінде өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.
Жақында бір кездері өзі еңбек еткен басылым редакциясында болған байырғы журналист жас әріптестерімен кездесуге қатысып, өзінің өмір жолы, шығармашылығы туралы ойларымен бөлісті.
Жиынды ашқан «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин аға буын өкілдері арасында Сырым Бақтыгереевтің алар орны ерекше екенін атап көрсетіп, облыстық газет тарихында қолтаңбасы айрықша сақталып қалғандығын айтты. Өткен жылы ғана сексен жасқа толған ардагерге құрмет көрсетіліп, сый жасалды.
Астанадан келген қадірлі қонақпен өзара әңгіме өрісін тауып жүре берді.
— Сіздің елден кеткеніңізге қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Алматыда тұрдыңыз, одан кейін Астанаға қоныс аудардыңыз. Оқырмандарымыз үшін өзіңіздің өмірбаяныңызды қысқаша айтып өтсеңіз.
— Мен Ойыл ауданының Қызылқорған деп аталатын ауылында 1942 жылы, соғыстың қызып тұрған шағында дүниеге келіппін. Балалық шағым қиындықпен өткені айтпаса да түсінікті болар. Мектеп бітірген соң еңбек жолымды автоэлектрик болып бастадым. 1967 жылы, жиырма бес жасымда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірдім.
Ойылда аудандық газетте қызмет істеуім мен үшін журналистикадағы үлкен мектеп болды. Еңбек адамдарымен көбірек кездестім, ел аралап келіп, кідірместен қаламымызды қолға алатынбыз. Ол уақытта аудандық газет аптасына үш рет шығады. Тыным таппаймыз. Науқандық жұмыстарды уақтылы көрсетуіміз керек дегендей. Аудандық газет редакторы Нұрымжан Жұмағалиев болды. Сәрсен Жұмағалиев, Идош Асқаров, Жандай Тәукебаев, Құрал Тоқмырзин секілді кілең қаламы қарымды журналистер осы газетте қызмет атқарды.
Журналистика мені өзінің тереңіне тарта берді. Құштарлықпен жұмыс істегенім сондай, енді аудандық газеттен көтеріліп, құлашымды кеңге жайғым келді. Осы мақсатым жүзеге асып, 1971-1975 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қазақстанның батыс облыстарындағы меншікті тілшісі қызметін атқардым.
Міне, осындай жолдардан өтіп, облыстық «Коммунизм жолы» газетіне келдім.
Әуелі Алматыға, сосын Астанаға қоныс аударып, Парламент Мәжілісі аппаратының редакциялау және аударма бөлімінде консультант, сектор меңгерушісі болдым. «Түлеген Ойыл өңірі» және «Ойыл» тарихи танымдық кітабын шығаруды қолға алдым.
— Біз үшін көбірек маңыздысы — сіздің облыстық газетте қызмет атқарған кезеңіңіз. Сол кездегі ахуал туралы кеңірек айтып берсеңіз.
— «Коммунизм жолы» газетінде төрт-бес жылдай қызмет атқардым. Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісімін. Ол кезде облыстық партия комитеті газет жұмысын, онда шыққан материалдарды қатты қадағалап отырады. Мәселен, аптасына бес рет шығатын төрт беттік газеттің екі беті ауыл шаруашылығы тақырыбын қамтиды. Бірінен соң бірі үздіксіз келіп жататын науқандық жұмыстар кеңінен көрсетілуге тиіс. Жедел іссапарға шығып келеміз, арасында халықтық бақылау комитетімен, облыстық телевизиямен бірлесіп рейдтер ұйымдастырамыз. Сын мақалалар жазылады, оған тиісті орындар жауап беріп жатады.
Газетте сол кезде алты бөлім болды, әрқайсысының өзіндік міндеттері белгіленіп берілетін.
Біз алдымыздағы аға буын өкілдері Құбаш Қожамұратовтың, Смағұл Мұқашевтың, Ерекеш Бірмановтың, Дербісәлі Ниязбаевтың, Лұқпан Жұмабаевтың, Көмекбай Оразниязовтың, Дүйсенғали Мұқаевтың, Мұрат Нұртаевтың, тағы бірқатар ағаларымыздың көзін көрдік. Солармен бірге еңбек еттік.
Олардың барлығы да газет жұмысына берілген, уақытпен санаспай жүре беретін журналистер еді.
Сол уақыттарда Қазақ мемлекеттік университетін жаңа ғана бітірген, бүгінде есімі көпке мәшһүр журналист, белгілі ғалым Серікқали Байменше қатарымызға қосылды.
— Сіз, біздің білуімізше, қаламын қолынан тастамайтын адамсыз. Кейінгі тұста қандай шаруалар тындырдыңыз, сол жөнінде айтып берсеңіз.
— Кітап оқу — бұрыннан қалыптасқан дағды. Сонымен бірге ойға оралған, көңілді мазалаған жайларды қағазға түсіріп отыратыным бар. Мұның сыртында көркем аудармамен де біраз айналыстым.
Ханс Криистиан Андерсеннің «Су перісі», «Ұсқынсыз балапан», «Қайтпас қайсар қалайы жауынгер», «Жабайы аққулар» сияқты бірнеше классикалық ертегісін, белорус жазушысы В.Кастрючиннің «Желаяқ қоян және оның достары», «Ержүрек құмырсқа» атты ертегі кітапшаларын, И.Чендештің «Ескі шатырдағы ертегілерін» қазақ тіліне аудардым.
Орыстың көрнекті жазушысы И.Тургеневтің «Қара сөзбен жазылған жырлар» деп аталатын еңбегін 1967 жылы аудара бастап едім, ақыры жарты ғасырдан кейін қайта оралып, бәрін аударып бітірдім. Осы сексен үш этюд «Әлем әдебиеті» журналында жарық көрді.
Испанның танымал жазушысы, көптеген тарихи романдар мен детективтердің авторы Артуро Перес-Ревертенің соңғы романы «Құрсау немесе өлім үстіндегі ойын» деп аталатын көлемді дүниені қазақшаға тәржімаладым. Бұл кітап 2020 жылы «Фолиант» баспасынан мемлекеттік бағдарлама аясындағы жоба бойынша 3000 данамен жарыққа шықты.
Романда испан қоғамы құрылымының өзін өзгертуге қатысты саяси бүліншіліктен бастап, махаббат сезіміне дейінгі қарулы қақтығыстардың, адами рухани құбылыстардың көрінісі орын алған. Бұл философиялық терең танымдық толғаныспен жазылған классикалық туынды. Енді оны қазақ оқырманына қандай деңгейде жеткіздім, оның төрешісі — қалың жұртшылық.
Осыдан елу бес жыл бұрын жазған «Келдің бе, құлыным?» атты драматургиялық туындымды қайта жаңғыртып жазып шықтым. Бұл да бір кезінде соғыс трагедиясы әсерінен өмірге келген еңбек еді. Уақытында Ойыл театры көрермендер талғамына ұсынды.
Арада қаншама жыл өтті, сол шығарма кейіпкерлері әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Сондықтан да болуы керек, бұрынғы жазғаныма азды-көпті толықтырулар жасадым. Енді соның «Жаным-ау, неге бездің зарықтырып?!» деген жаңа атаумен сахналанған түрін көрсем деймін.
Атақты Қызыл әнші туралы жазу мойындағы бір парызым секілді еді. Сол мақсатым орындалды, «Құйын-тағдыр» деген повесть дүниеге келді.
— Сөз басында әңгіме еткен «Түлеген Ойыл өңірі», «Ойыл» кітаптарын жазуыңызға себеп болған жайлар туралы айтып берсеңіз.
— Қолына қалам ұстаған адамның көкірегінде туған жерге деген тартылыс ешқашан да өшпек емес. Қытайдың атақты жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янь «Сенің мықтылығың сонда — жазған дүниеңнен туған жеріңнің иісі, шөптің, көлдің, не болмаса кейіпкерлеріңнің иісі аңқып тұруы тиіс» деген екен.
«Ойыл» кітабын жазу барысында 145 құжат пайдаланылды. Маған бір жерлесіміздің жиырмасыншы ғасырдың басында Ойылда қанша халық тұрғаны туралы сұрақ қойғаны бар. Жауап беру қиын. Орынбордың Крупская атындағы облыстық кітапханасының сирек кітаптар қорында болғанымда Императорлық орыс географиялық қоғамының Орынбордағы бөлімшесі шығарған Хабаршының көптеген шығарылымдары сақталған. Соның бірінде 1911 жылы Санк-Петербургте жарық көрген 1906-1910 жылдарда Орал бойына қоныстанушылар жайлы есеп жарияланған. Сол есепте Ойыл өңіріне қоныс аударғандар жайлы да біршама деректер бар. Кімге қанша десятина жер, қай маңнан бөлінгені нақты айтылады. Ол «Ойыл» кітабында бар.
— Сіздің «Жүрек сөзі» атты эсселер жинағыңыз үлкен ізденістің, журналистикадағы жақсы жаңалықтың лебіндей сезіледі. Ғұлама әл-Фарабидің «Егер ұлттың өзінің тарихи тағылымы жоғалатын болса, ол ұлт ауруға ұшырайды» деген даналық сөзін алға ұстануыңыз көп жайтты білдіретіндей.
— Журналистика, шынын айтсам, мені шыңдады. Өмірдің сан түрлі қалтарыстарына үңілуге үйретті. Бұл мамандық адам тану мектебі екен.
Мені кейінгі кездері «Адам өз тағдырын қоғаммен қалай байланыстырады? Қоғамға не беріп, қоғамнан не ала алады?» деген сауалдар көбірек ойландыра бастады. Оның жауабын да тарихымыздан іздестірдім. Бұл жинақ та осындай ниет-ұмтылыстан туды.
Алаш көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұхамедов туралы көпшілік анық біле бермейтін ақиқатты тарихи деректерді, ел аузындағы әңгімелерді жинақтай отырып жаздым.
Еліміздің үш бірдей Конституциясы авторларының бірі, заңгер-академик Ғайрат Сапарғалиев, медицина ғылымының докторлары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Ишанбай Қарақұлов, Қуаныш Мәкіров, мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Нокин, қуғын-сүргін құрбандары ақтаңдақтарын зерттеуші белгілі қоғам қайраткері, ғалым-заңгер Сабыр Қасымов, қазақтың «қарға бойлы Қазтуғаны», ақын Есенбай Дүйсенбаев туралы толғаныстарым да ойлы оқырманды көп жайттан хабардар етеді деп ойлаймын.
— Өміріңізде өзіңізді таңғалдырған немесе жаныңызды ерекше тебіренткен жағдайлар болды ма? Былайша айтқанда, сіз де ет пен сүйектен жаратылған жансыз ғой…
— Әрине. Журналист ешқашан да демалмайды деп ойлаймын. Ол — өмірлік мамандық иесі. Міне, жасым сексеннің үстіне шықты. Қолыма кітап ұстамаған, қағазға үңілмеген бір күнім болмайды. Осындайда өмірлік серігім Зәуре апаларың ылғи да оң жағымнан шығып, қолдап отыратын, енді сол күндерді еске алып отыру ғана қалды.
Астанаға көшіп келген соң бес-алты жыл шамасында алпыс жас мерейлі биігім де келіп қалғанын байқадық. Сол кезде жүрегімді жібіткен, көңілімді қозғаған бір жай болғанын айта кетейін. Өзімнің шәкіртім, бір жағы інім Серікқали осы ауқымдағы шараларға басшылықты өз қолына алған. Ол менің балаларыммен ақылдасып, бәрі бірігіп, маған «тосын сый» жасамақ болыпты. Сөйтіп, Гүлдерайым мен Базаралым ескі газет-журналдарды ақтарып, бұрынғы журналистік еңбектерімді жинаған, Алтынайым кітап шығарудың қаржылай жағын көтерген. Серікқали жалпы редакциясын басқарып, алғы сөзін жазып менің, яғни Сырым Бақтыгерейұлының «Бет қатталып жатқанда» деген 200 беттік еңбегін жеке кітап етіп шығарған. Бұл жаңа жинақты мен той үстінде бір-ақ көрдім. Кезінде «Лениншіл жас» газетінің меншікті тілшісі кезімде жазған еңбектеріммен қайта қауышып, жастық шағыма қайта оралғандай болдым.
Осы жинақтағы «Жарқырай бер, жанымның сұлулығы», «Аппақ түндер, аппақ армандар…», «Құлақ шымшыған аяз», «Үш үзік әңгіме», «Ашып айтпас сырларым менің…», «Бейнеу бейнелері», «Даланың қызыл гүлдері», «Дүрсілде, жүрек!», «Қыз бен қызғалдақ» секілді суреттемелер мен «Жылқының күні өтіп пе?», «Ақтөбеде өнерпаз жастар көп» проблемалық мақалаларым, сондай-ақ «Азамат жүрер жол ұзақ», «Ең ыстық күн», «Өзіміз тұрғызған үй», «Намыс», «Арман асуында», «Бақыттың бақыты», «Диқан әулеті», «Ойыл өрендері», «Түн. Қыз. Қасқыр» тәрізді очерктерім алыс жолдан елді сағынып келе жатқан жолаушының алдынан ауылдағы балалары жүгіріп шыққандай әсер етті маған.
Мұндай ізгі ниетке, ыстық ықыласқа қалай тебіренбессің!
* * *
Журналист Сырым Бақтыгереевтің «Шәйгөзде құлын кісінейді» деп аталатын әп-әдемі бір эссесі бар. Бір деммен оқып шығасың. Сосын көзіңді алыс көкжиекке салып, тылсым бір ойға кетесің. Әлденені санаңда тірілткің келеді. Бұлдыр елестер арасынан іздегеніңді анық таба алмай, көңілің қобалжиды.
Жаңағы әңгімеге қайта үңілесің.
«…Сол күнгі дастарқан қамымен күні бойы жүгіріп, тыным таппаған жеңешемнің жүзіндегі қуанышты жүрегіме жиып алып, еміренумен келе жатқанымды өмірі жасыра алмаспын, сірә! «Құрттайым оқуға түсіп келді» деп, қуанышы қойнына сыймай, ойпаңдағы он шақты киіз үйді түгел аралап, сүйіншілеген жеңешемнің мамықтай қалқыған бейнесі бүгінге дейін көз алдымда» деген жолдар осындай жағдайдың өз басыңнан да өткенін жария өткендей болып, әлдебір әдемі сәттерді жадыңа оралтады. Жанарыңа жас үйіріледі.
Журналист шеберлігінің өзі де осында болса керек.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі