Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен алғашқы аппараттық жиын өтті. Онда күн тәртібіндегі 3 мәселе қаралды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қала және аудан әкімдері, квазимемлекеттік сектордағы мекеме басшылары қатысты.
Қаралған бірінші мәселе – газ тапшылығы. Бүгінгі күні Энергетика министрлігі Ақтөбе облысына қыркүйек айында 10615 тонна сұйылтылған мұнай газын бөлді.
Полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, өңірде тіркелген 52 949 бірлік автокөлік газ жабдығымен жабдықталған. Сондай-ақ, аймақтың транзиттік әлеуетін ескерер болсақ, Ақтөбе облысы аумағына айына мемлекеттік нөмірімен 4 520 бірлік және шетелдік нөмірімен 9 369 бірлік автокөлік кіреді.
Ал Ақтөбе облысының ішкі нарығын толықтай жабу үшін 14 600 тонна сұйытылған мұнай газы қажет. Қазіргі таңда Шымкент мұнай-газ өңдеу зауытынан өңірге 650 тонна өнім бөлінген, ол ай соңына қарай толықтай жеткізіледі.
Облыс әкімі бұл көлем аздық ететінін, халық тарапынан газға қатысты шағымдардың көп түсіп жатқанын атап өтіп, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы Энергетика министрлігімен бірге, қосымша газ бөлу мәселесін шұғыл түрде шешу қажеттігін еске салды. Жағдайды өз бақылауына алған Асхат Шахаров газ тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілмейінше, күн сайын басты назарда болады деді.
Екінші мәселе – жаңа оқу жылында пайдалануға беріліп үлгермеген мектептерге арналды. Облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан өңірде 6 мектепте жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатқанын сөз етті. Олар – Ақтөбе қаласы М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандырылған мектеп-интернаты, Қобда ауданындағы И.Тайманов атындағы мектеп-гимназия, Шалқар ауданындағы І.Үргенішбаев және Ә.Жангелдин атындағы орта мектептер, Әйтеке би ауданы Еңбекту негізгі мектебі, Мұғалжар ауданы Жаңатұрмыс негізгі мектебі.
Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін уақытша орындары белгіленген.
Аймақ басшысы құрылыстарға жауап беретін салалық басқарма мен әкімдер мердігерлермен кездесіп, жұмыстарды кестеге сай, сапалы әрі дер кезінде аяқтау үшін жұмысшы санын көбейту керектігін ескертті.
Жылыту маусымына дайындық, бұқараны көмірмен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл 631 қазандыққа, 15,1 шақырым жылу желісіне, 80,7 шақырым су-кәріз желісіне, 381,4 шақырым электр желісіне, әлеуметтік нысандар және көппәтерлі тұрғын үйлерге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінге дайындық деңгейі 91% құрайды. Сонымен қоса, алдағы жылыту маусымына халыққа 22 мың тонна көмір қажет.
Асхат Шахаров өңірде басталып кеткен тиісті жұмыстарды уақытылы орындау қажеттігін алға тартып, жауапты мемлекеттік орган өкілдеріне нақты міндеттер жүктеді.
Д.АЙДАР
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті