Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров аппараттық жиында көтерілген мәселелерді бағамдау үшін Сазды елдімекеніндегі орта мектептің және қаланың ескі бөлігіндегі жылу желілерінің жөнделу барысымен танысты.
Қазіргі уақытта Сазды орта мектебінде 500-ден астам бала білім алады. Биыл 56 оқушы мектеп табалдырығын аттаған.
Мұнда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Асхана ертең пайдалануға беріледі. Спорт зал мен мектептің қасбетін арнайы материалдармен қаптауды мердігер компания қыркүйек айының соңында бітіреміз деп уәде етуде. Жұмыстар оқушылардың білім алуына кедергі келтіріп жатқан жоқ дейді олар.
Асхат Шахаров жұмыстарды уақытылы аяқтамаған мердігерлерге ескерту жасап, тез арада пайдалануға беру керектігін тілге тиек етті.
Облыс әкімі мұндай тапсырманы «Aqtobe Su-Energy group» компаниясы басшылығының алдына да қойды. Бүгінде мекеменің инвестициялық бағдарламасы бойынша Н.Қобыландин көшесінде 186 метрлік жылу желісін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. «МК Строй Сервис» мекемесі құрылыс-монтаж жұмыстарын әзірге 90 пайызға орындаған. Ендігі кезекте айналасын тегістеу, сырты қапталған құбырлардың ішіне су құйып, тексеру жұмыстары жасалады.
«Aqtobe Su-Energy group» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Білиевтің сөзінше, бұл аумақта жыл сайын апаттар орын алады. Тозу деңгейін 2 пайызға төмендету мақсатында бұл жұмыстар жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстарын көрген Асхат Шахаров ақтөбеліктерге уәде етілгендей, ыстық суды мерзімінде беріп, жылу желілерінің дұрыс жұмыс жасауын қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты.
«Облыс орталығында ыстық су мәселесі өзекті болып отыр. Бұған себеп – жылу желілерінің ауыстырылуы. Өйткені, тозығы жеткен. Жұмыстар қарқынды түрде жасалып жатыр. Жоспарға сәйкес, мердігер нысанды тапсырса, Ақтөбе қаласының тұрғындарына ыстық су ертең кешке немесе бейсенбі күні беріледі», — деп облыс әкімі сөзін түйіндеді.
Д.АЙДАР
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті