Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, IT саласындағы өзекті мәселелер, жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.
Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларындағқазы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов баяндады. Есепті кезеңде бес негізгі көрсеткіш 100%-дан астам жоғары деңгейде қалыптасты. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі – 101,2%, инвестициялар – 107,1%, құрылыс жұмыстары – 124,2%, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 111,2%, көлік және қоймалау – 116,9%-ды құрады. Өнеркәсіптік өндірісте, көтерме және бөлшек саудада төмендеу байқалады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде IT саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде инновациялық және білім беру орталықтары, соның ішінде IT-хаб, креативті орталық және Қ.Жұбанов атындағы университет базасындағы инновациялық технологиялар паркі табысты жұмыс істеп тұр.
Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың сөзінше, саланы одан әрі дамыту мақсатында хакатондарды ұйымдастыру, IT-лагерь құру, жергілікті IT-компанияларды қолдауға қатысты шаралар әзірлеу, инновациялық IT-жобаларды дамытуға арналған бағдарламалар мен гранттар енгізу, сондай-ақ IT саласында және креативті индустрияда жұмыс істейтін жас мамандар үшін тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы бағдарламаларын қолдау жоспарланып отыр.
IT-саланы дамытудың негізгі факторы – интернет.
Ақтөбе облысында 315 ауыл бар, оның 217-сі мобильді интернетпен қамтылған. Цифрлық теңсіздікті азайту үшін Жол картасы бекітілді, оған сәйкес ағымдағы жылы 67 ауылды мобильді интернетпен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, жобадан тыс 3 елді мекенді мобильді интернетпен қамтамасыз ету бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде.
Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін мобильді интернетпен барлығы 283 ауыл қамтылады. Қалған 29 ауылда интернетті қоғамдық Wi-Fi арқылы тегін ұйымдастыру көзделген.
Ақтөбе қаласының тұрғындарын сапалы байланыспен қамтамасыз етуге қатысты жағдайды жақсарту мақсатында биыл 151 базалық станцияны қондыру және 8 жаңа тұрғын үй алабын мобильді интернетпен қамту жоспарланған. Ауыл мектептеріне жоғары жылдамдықты интернет тарту мәселесіне басым бағыттардың бірі болып қала бермек.
Жиында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев жылыту маусымына дайындық және мемлекеттік мекемелерге көмір жеткізу барысы туралы айтып берді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, осы жылға 631 қазандыққа, 15,1 шақырым жылу желілеріне, 80,7 шақырым су құбыры-кәріз желілеріне, 381,4 шақырым электр желілеріне, 1457 әлеуметтік нысанға, 2 527 көппәтерлі тұрғын үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Бүгінгі таңда жылыту маусымына дайындық деңгейі 92%-ға жетті.
Алдағы жылыту маусымына қажетті көмірдің 96%-ы және дизель отынының 94%-ы бюджеттік ұйымдарға жөнелтілді. Сондай-ақ, халықтың қажеттіліктері үшін 10 965 тонна көмір жеткізілді (талап етілетін көлемнің 50%).
Аппараттық жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров бірқатар нақты міндеттер қойды. Оның ішінде өңір басшысы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларының орындалуын қамтамасыз етуді, халыққа көмір жеткізуді, әлеуметтік нысандардағы жөндеу жұмыстарының барысын және Ақтөбе қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындық актілерін алуды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Д.АЙДАР
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті