Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров вьетнамдық «Sovico Group» компаниялар тобының өкілдерімен кездесті. Жиында компанияның Нгок Сау Фам және Минь Туан Лимен ынтымақтасты дамыту, инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.
Аталған компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибеге ие. 2022 жылдың қорытындысы бойынша компания табысы 20,6 млрд АҚШ долларын құраған.
Кездесуде қос тарап авиация саласындағы инвестициялық жобаларды, әсіресе Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Ақтөбе халықаралық әуежайы базасында өңірлік мультимодальды хаб құру тапсырмасын іске асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Ақтөбе мен Вьетнам арасында әуе рейсін ашу туралы бастама көтерілді.
«Вьетнам – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ханойға барып, бірқатар келіссөз жүргізіп, құжаттарға қол қойды. Осы сапарда «Sovico Group» компаниясының басқарма төрағасымен кездесті. Бұл кездесу бізге жол ашып бергендей. Бүгінде ақтөбеліктер Вьетнамға жиі қатынайды, демалуға барады. Осы орайда, Ақтөбе мен Вьетнам арасында әуе рейсін ашуға болады. Бұған қауқарларыңыз жеткілікті. Және Мемлекет басшысының өңірлік мультимодальды хаб құру тапсырмасы аясында жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», — деді өңір басшысы Асхат Шахаров.
Өз кезегінде қонақтар Ақтөбе өңірінің мүмкіндіктеріне жоғары бағасын беріп, облыс басшылығына алғысын жеткізді. Тараптар алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге әзір екендерін жеткізді.
Д. Айдар
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті